Қазақстанда электромобильдер саны өсіп жатыр, алайда жалпы автопарктегі үлесі әлі де өте төмен. Energyprom порталының дерегінше, 2025 жылдың тамызының басында елде 19,1 мың электрокар тіркелген – бұл өткен жылмен салыстырғанда 79%-ға көп, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
2025 жылдың алғашқы жеті айында қазақстандықтар 6,9 мың аккумулятормен жүретін көлікті тіркеткен. Дегенмен бұл барлық автокөліктер үлесінің небәрі 0,7%-ын құрайды. Салыстыру үшін: бензинмен жүретін жеңіл көліктер нарықтың 88%-ын, дизельмен жүретіндер шамамен 1,5%-ын иеленіп отыр.
Электромобильдер ең көп шоғырланған аймақ – Алматы қаласы. Мұнда 11,3 мың электрокар, яғни елдегі барлық электромобильдердің шамамен 60%-ы тіркелген. Оңтүстік астанада олардың үлесі барлық көліктердің 1,6%-ына жетті.
Астанада 2,2 мың электромобиль бар (қалалық автопарктің 0,5%-ы), ал Алматы облысында – 1,2 мың (бар болғаны 0,2%-ы). Ең аз электромобиль тіркелген аймақтар – Абай және Ұлытау облыстары, мұнда тек бірнеше ондаған көлік бар.
Қазақстанда өсім айқын болғанымен, әлемдік ауқымда бұл көрсеткіш әлі де тым төмен. Қазіргі таңда электромобильдер ел автопаркінің небәрі 0,3%-ын құрайды. Салыстырып қарасақ, 2025 жылдың бірінші тоқсанында әлемдегі жаңа көліктердің 14,5%-ы электрокарлар болды. Әлемдік көшбасшы – Қытай, онда әлемдегі электромобильдердің жартысынан астамы тіркеледі.