Қазақстанда электромобиль көліктеріне басымдық беру ұсынылды

17 Қаңтар, 11:08 789

Мәжіліс депутаттары Қазақстанда экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мақсатындағы заң жобаларына бастама жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Самат Мұсабаев электромобильдердің әлемдік сатылымының соңғы үш жылдық динамикасына көз жүгіртті.

2020 жылы әлемде 3 млн 240 мың электромобиль сатылды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 43 пайызға көп. 2021 жылы бүкіл әлем бойынша 6,5 млн электромобиль сатылды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 109 пайызға өскен. 2022 жылы электромобильдер сатылымның жаңа рекордын орнатты, әлемде 7,8 млн дана сатылды. 2023 жылы әлемде шамамен 17 млн электромобильдер мен гибридті автомобильдер сатылды. Ал, Қытай 2030 жылға қарай бензинді қозғалтқыштардан толық бас тартуды жоспарлап отыр. Зерттеушілердің пікірінше, 2035 жылға қарай әлем бойынша эксплуатацияда 130 млн электромобиль болады, - деді Мұсабаев.

Депутаттың сөзінше, 2021 жылы Глазгода өткен дүниежүзілік климат саммитінде Ұлыбритания, Үндістан, Австрия, Польша, Канада, Түркия және басқа елдер, барлығы 33 ел, сонымен қатар ірі алты автомобиль өндіруші: General Motors, Ford, Mercedes, Volvo, Jaguar/Land Rover және BYD (Build Your Dreams) 2040 жылға дейін іштен жану қозғалтқышы бар көліктерден толық бас тартатынын жариялады.

Электромобильдердің іштен жанатын қоғалтқышы бар көліктермен салыстырғанда экологиялық және экономикалық жағынан тиімділігі басым. Заңның алғашқы жобасын дайындаған кезде электрмобильдерді кең ауқымды қолдануға тежеуші фактор ретінде арнайы инфрақұрылымның болмауы және «мұнай өнімдерімен» жүретін көліктердің құнының төмендігін атап өткен едік. Қазіргі таңда елімізде жағдай түбегейлі өзгерді. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарында электрқозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, он екі айдың қорытындысы бойынша 7793 электркөлігі тіркелген, бұл дегеніміз электромобиль санының 9,5 есеге өскендігін көрсетіп отыр. Яғни «жасыл» көліктерге сұраныстың көбеюі қажетті инфрақұрылымды дамытуды ілгерлетуді талап етеді, - деді ол.

Заң жобасы мынадай негізгі нормаларды қарастырады:

– «электромобиль» және «электрозарядты станция» ұғымдарын енгізу;

– коммуналдық ақылы автотұрақтарда (автопарковкаларда, паркингтерде) электромобиль көлігінің иелері үшін тегін тұрақ орындарын пайдалану;

– тұрғын аймақтардағы электрозарядты станцияларды жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу және бекіту бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігін анықтау;

– жергілікті атқарушы органдардың өкілеттілігі электрозарядты станцияларды орналастыру туралы шешімдерді қабылдау және такси тұрақтарын, әуежайларда, вокзалдарда, 1 және 2 санатты стационарлық сауда және мәдени ойын-сауық нысандарын, мәдени-демалыс парктері мен алаңдарын, даңғылдарды, көшелерді, кварталдарды электрозарядты станциялармен жабдықтау және ұйымдастыруды қамтамасыз ету.

Миражан Махан
Бөлісу: