Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға бірінші қажеттіліктегі азық-түлікті жеңілдікпен сатып алу үшін цифрлық ваучер беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жоба қолданыстағы баға тұрақтандыру тетігі – “айналым схемасы” негізінде жүзеге асырылады. Бұл тетік бойынша сауда нысандарына айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген қайтарымды несие беріледі. Оның есебінен дүкендер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) АӘК алушыларға нарықтық бағадан 15%-ға дейін төмен бағамен сатуға міндеттеледі.
Пилоттық жоба Ақмола облысының Ақкөл қаласында басталды. Алдағы уақытта бағдарлама Көкшетау мен Павлодар қалаларында іске қосылады.
Цифрлық ваучерді eGov Mobile мобильді қосымшасындағы “Әлеуметтік әмиян” сервисі арқылы рәсімдеуге болады. АӘК алушыға ваучерді белсендіру және дүкен кассасында QR-кодты көрсету жеткілікті – жеңілдік автоматты түрде қолданылады.
Ваучердің көлемі отбасы мүшелерінің санына байланысты. Әр адамға бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге мөлшерінде бөлінеді. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы шамамен 16 мың теңгеге ваучер ала алады. ӘМАТ-қа берілетін жеңілдік нарықтық бағадан 15%-ға дейін жетуі мүмкін.
Жоба тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады: оның 35%-ы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелеуге, 65%-ы – отандық өндірушілер мен фермерлерден форвардтық сатып алуға бағытталады. Бұл азық-түлікті төмендетілген бағамен тұрақты жеткізуді және жергілікті өндірушілерді қолдауды қамтамасыз етеді.
Пилот аяқталған соң, жоба басқа өңірлерге де кеңейтіліп, 245 мыңнан астам АӘК алушыны қамту жоспарланып отыр. Бұл әлеуметтік қолдаудың ашық әрі әділ тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.