Қазақстанда алдағы жылдары жүргізушісіз көліктер мен дрон арқылы жеткізу қызметі іске қосылмақ. Бұл туралы 31 наурызда Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, елде ұшқышсыз технологияларды дамытуға ерекше мән беріліп отыр.
Қазақстанда халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен жүргізушісіз автокөліктердің пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2026 жылдың екінші тоқсаны, – деді министр.
Сонымен қатар елде дрон-курьерлерді енгізу бойынша да пилоттық жоба қолға алынған. Бұл бастама жеке сектордың қатысуымен жүзеге асуда.
Аталған жобалар қалалық мобильділік пен логистиканың жаңа үлгілерін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді, – деп қосты Жаслан Мадиев.
Аэротакси жобасы
Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қазақстанда ұшқышсыз аэротакси енгізу жоспары бар екенін айтқан еді. Оның сөзінше, мұндай құрылғылар сағатына 300 шақырымнан астам жылдамдықпен ұшып, жолаушыларды Алматы әуежайынан Медеуге небәрі 10-12 минутта жеткізе алады.
Қазақстан бұл бағытта америкалық Joby компаниясының аэротаксилерін сатып алуды қарастырып отыр. Сонымен бірге бастапқы кезеңде қытайлық өндірушілермен де әріптестік орнату көзделген. Ал болашақта мұндай техниканы ел ішінде өндіру мүмкіндігі де қарастырылған.
Бозымбаевтың айтуынша, әуе кеңістігінің ашықтығы мен құрылыс тығыздығының салыстырмалы түрде төмен болуын Қазақстанның бұл технологияны енгізудегі басты артықшылығы ретінде қарастыруға болады. Бұл факторлар жаңа жүйені енгізуді жеңілдетеді.
Аэротаксилер жолаушылармен қатар жүк тасымалына да пайдаланылуы мүмкін. Ол үшін ұшу және қону кестесі, сондай-ақ арнайы нормативтік база әзірленбек. Тиісті ережелерді осы жылдың өзінде бекіту жоспарланып отыр. Ал пилоттық жобаларды алдағы 2-3 жылда іске қосу көзделген.
Жүргізушісіз көліктер
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, Қазақстанда жүргізушісіз көліктерге қажетті инфрақұрылым қазірдің өзінде дайындалып жатыр. Атап айтқанда, e-Joldar жүйесі аясында жолдардың цифрлық паспорттары жасалуда. Бұл болашақта автономды көліктерді енгізуге жол ашады.
Министрдің айтуынша, жолдар ұзақ мерзімді перспективаға есептеліп салынатындықтан, олардың жобасында жүргізушісіз көліктерге арналған талаптар қазірден бастап ескерілуде. Болжам бойынша, 2036-2040 жылдары жүк тасымалы электрлі және жүргізушісіз автопоездарға көшуі мүмкін.
Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ аясында пилоттық жоба қарастырылуда. Оның шеңберінде шекаралық өткізу бекеттерінде жүргізушісіз жүк көліктерін пайдалану жоспарланған. Бұл тасымал жылдамдығын бірнеше есе арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Көлік министрлігінің жоспарына сәйкес, жүргізушісіз жүк көліктеріне қатысты ірі жобалар 2027 жылдан бастап іске қосылуы мүмкін. Сондай-ақ жүргізушісіз такси мен аэротакси қызметін енгізуге қажетті заңнамалық база әзірленіп жатыр.