Қыркүйек айында елімізде Димаш Құдайберген атқарушы продюсерлік ететін ірі музыкалық реалити-шоудың түсірілімі басталады. Жоба Қытайдың Hunan Broadcasting System телеарнасымен және Mango TV цифрлық платформасымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Аталған арнаны күн сайын 210 миллионнан астам көрермен тамашалайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, түсірілім Алматы, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында өтеді. Жобаның финалдық кезеңі елордада ұйымдастырылмақ. Негізгі түсірілім орындары ретінде Шарын шатқалы, Бозжыра шатқалы, ұлттық парктер мен өзге де туристік нысандар таңдалған.
Маған еліміздің музыкасын, табиғатын, қонақжайлығын әлемге таныстыру маңызды. Біз әртүрлі елдің өнерпаздарының басын қосып, өнердің шекарасыз екенін тағы бір мәрте дәлелдейміз, – деді Димаш Құдайберген.
Жобаға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген әншілер қатысып, еліміздің табиғаты әсем өңірлерін қамтитын шығармашылық теміржол сапарына шығады.
Ерекше айта кетерлігі, Димаш араға 10 жыл салып қытайлық Hunan TV арнасына қайта оралмақ. Ол алғаш рет осы арнадағы Singer жобасы арқылы халықаралық деңгейде танылған болатын. Енді жаңа қырынан – продюсер әрі бастамашы ретінде көрінеді.
Бағдарлама келесі жылы Hunan TV арнасында және Mango TV платформасында көрсетіледі. Сондай-ақ Қазақстанның бір телеарнасынан да көрсету мәселесі қарастырылып жатыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі атап өткендей, жоба Туризм және спорт министрлігінің, жергілікті атқарушы органдар мен Kazakh Tourism компаниясының қолдауымен жүзеге асуда.
Министрлік мәлімдегендей, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында шетелдік туристерді тартудың маңызын ерекше атап өткен. Осы тұрғыдан алғанда, бұл бастама – сол міндетті орындаудағы маңызды қадам.
Қазақстанның негізгі орын ретінде таңдалуы еліміздің туристік тартымдылығын айқындап, ұлттық дестинацияларды әлемдегі ең ірі нарықтарға ілгерілетуге жаңа мүмкіндік ашады, – делінген министрлік хабарламасында.