Қазақстанда дербес кассациялық соттар жұмысын бастады

Қазақстанда дербес кассациялық соттар жұмысын бастады

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қайта қарайтын дербес кассациялық соттар ресми түрде жұмыс істей бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұған дейін кассациялық функцияны Жоғарғы Сот атқарған. Жаңа модель сот төрелігінің тәуелсіздігін күшейтіп, азаматтардың әділ сотқа қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Жаңа сот институты жұмысқа кіріскен күннен бастап бірқатар өзгерістер енгізді:

  • дау санаттарына қарай маманданған құрамдар құрылды;
  • кассациялық шағымдарды қабылдау және қарау тәртібі жаңартылды;
  • сот практикасын біріздендіру бойынша арнайы судьялар бекітілді;
  • сот актілеріндегі жиі қателер бойынша жаднама әзірленді.

АПК талаптарына сәйкес, сот шешімі құқықтарына әсер етті деп санайтын іске қатыспаған азаматтар да шағым бере алады. Бірақ кассацияға дейін олар міндетті түрде апелляциялық сатыдан өтуі тиіс. Мерзім өтіп кетсе, оны қалпына келтіру туралы өтініш беріледі.

Реформаға дейін Жоғарғы Сотта қаралған істер жаңадан қайта қаралмайды. Тек өмірге, қауіпсіздікке, ұлттық мүддеге немесе құқық қолдану біркелкілігіне әсер ететін айрықша жағдайларда ғана Жоғарғы Сот қайта қарауға құқылы.

Кассациялық сот заңгерлік қауымдастықпен белсенді жұмыс істеп, ашық кездесулер өткізу арқылы жаңа тәртіптерді түсіндіруде. БАҚ-пен байланыс орнатып, сот қызметінің жариялығын күшейтуге мән беріліп жатыр.

«Дербес кассациялық соттың құрылуы - сот төрелігін жаңа деңгейге көтеретін қадам. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғауды жеделдетіп, сот актілерінің сапасын жақсартады», - дейді Азаматтық істер жөніндегі кассацациялық соттың судьясы Жомарт Рүстембеков.

Жалпы, жаңа кассациялық институт елдегі құқық қолдану тәжірибесін жетілдіріп, әділдік пен заңдылықтың нығаюына ықпал етеді.