Бүгін, 20 маусымда, Қазақстанда вейптерді сатуға, таратуға, және жарнамалауға тыйым салатын заң күшіне енді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Естеріңізде болса, президент биылғы 19 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Заңда шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салынған.
Ал заңға бағынбағандарға мынадай жаза қарастырылған:
вейптерді сату және тарату – 200 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейін қамауға алу;
әкелу және өндіру – 2000 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру;
егер бұл әрекеттерді қылмыстық топ жасаса, 5000 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру.