Қазақстанда баспана бағасы тағы қымбаттауы мүмкін

12 Желтоқсан 2022, 15:32 1910

Құрылыс саласы сын-қатерге тап болып отыр. Жалақыдан басқа барлығының құны шарықтауда

Баспаналы болу тағы қиындады. Әлемдегі геосаяси жағдай Қазақстанға өз әсерін тигізбей қоймады. Жалдамалы пәтер бағасы қымбаттап қана қоймай, тұрғын үй нарығының да бағасы 27%-ға өсті. Бұл өсу құнының шегі болмауы мүмкін деген қауіп бар, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қымбатшылық қысқан уақытта үйлі болу проблемасы халықты алаңдатуда. Соңғы статистика сәйкес, бір бөлмелі пәтер құны орташа есеппен – 24 млн теңгені құрады. Екінші иелік баспана бағасы – 27%-ға, ал жаңа пәтерлердің құны – 17%-ға өсті. Бүгінгі таңда бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс артқан.  Оған қоса, мемлекетте құрылыс саласы өзіндік құнының ұлғаюына, көрші елдердегі әскери іс-қимылдарға, сондай-ақ ипотекалық кредиттеу шарттарының жабылуына немесе нашарлауына байланысты бірқатар елеулі сын-қатерлерге тап болып отыр.

"Ең үлкен сұранысқа негізінен комфорт-класс үйлеріндегі бір бөлмелі пәтерлер ие. Барлығы жоғары деңгейде, әрі тез болғанын қалайды. Құрылыс компаниялары да бір-бір жарым бөлмелі үйлерді салуда. Сонымен қатар, олар жеңілдікпен сатылымдар, бөліп төлеу түрінде адал сату схемаларын енгізіп, тиімді ипотекалық бағдарламалар құрастырып жатыр", - дейді Әлия Қайырбекова жылжымайтын мүлік агенттігінің сарапшысы.

Қалалар арасында тұрғын үй бағасының қымбаттауы бойынша жоғары өсімді көрсеткен Талдықорған қаласы – 45%. Мамандар өңірлердегі бағаның өсуін тұрғын үй жеіспеушілігінен деп жауап  қайтты.

" Қазіргі таңда өңірлерде құрылыс саны ақсаңдап тұр. Елордада тұрғын үй саны жеткілікті. Алайда тұтынушылар аз десек болады. Халыққа түсінікті тілде есеп жүргізіп көрейік. Мысалы, сіз пәтер бағасының 50 пайызын жинайтын болсаңыз 3 жылда 7 000 000 теңге жинау үшін ай сайын 195 000 теңге құйып отыруыңыз керек. Ал қазіргі баға өсімдеріне байланысты мұндай сумманы құйып отыру үшін айлық жалақы кем дегенде 280 000 теңгені құрау керек", - дейді тұрғын үй сарапшысы Балбибі Ерсінова.

Баспаналы болудың үш амалы бар. Ақша жинау, ипотека алу немесе қазіргі актуалды болып тұрған нұсқа – әлеуметтік желілердегі ұтыстың жеңімпазы атану. Нарық бағасы өссе де жалақы көтерілмеді. Мысалға, халықтың төрттен үш бөлігінің айлығы 300 мың теңгеден төмен десек те, оның жартысынан көпшілігі 45-80 мың теңге аралығындағы жалақыға күн көріп отыр. Әлеуметтік желілерде түрлі бағдарламалар мен ұсынысқа толы жарнамаларды кездестіреміз. Сайып келгенде әрбірінің тұтынушыны қызықтыратын фишкасы бар. Мысалға, алғашқы жарнасыз ипотека алуға болады десек, онда айлық кірісіңіз қанша болу керек екенін есептеп көріңіз. Бастапқы жарна бермеуге уәде беретін ипотекалық мекемелер көбінесе жасырын пирамидалық схемалар болып табылады. Қазір Қазақстанда бастапқы жарнасыз баспана алуға мүмкіндік беретін белсенді ипотекалық бағдарламалар жоқ. Сақ болыңыздар!

"Жалақымыз азық-түліктен аспайды" деп наразы болған қазақстандықтар, ендігі баспана алу арман болып қалмақ деген ой түйгендей. Ипотека алу үшін бастапқы жарна суммасы жиналса да, артынша несиені төлеу қиындық соқтырады. Алайда елімізде бүтіндей бір подъездегі пәтерлер саны болатындай үйі бар азаматтар бар екен. Республика бойынша жүргізілген санақ нәтижесінде 147 отандасымыздың атында 20-дан аса баспанасы бар екен. Ал жеті пәтері бар - 742 адам, алты пәтерлі - 1935 адам, бес пәтерлі - 4823, төрт пәтерлі - 16 509, үш пәтерлі - 84 394, екі пәтерлі - 607 мың, бір пәтерлі - 5,6 млн азамат бар.

2023 жылы Қазақстанда тұрғын үй құрылысының көлемі 20-40% - ға төмендеуі мүмкін, қаржылық тұрақсыз құрылыс салушылар нарықтан кетеді, ал бастапқы және қайталама нарықтағы бағалар өсе береді.

Айым Даниярқызы
Бөлісу: