31.07.2025
12:10
1016
Қазақстанда банкрот болу жеңілдейді

Қазақстанда банкрот болу жеңілдейді

Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттық институты енгізілгелі бері 2023 жылдың наурыз айынан бастап 270 мыңнан астам азамат банкроттыққа өтініш берген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) хабарлады, деп жазады Finratings.kz.

Кімдерге банкроттықтан бас тартылды?

Өтініш берушілердің 260 мыңы соттан тыс банкроттық рәсімін таңдаған. Алайда олардың 193 мыңына (73%) банкроттық рәсімі кіріс талаптарына сай келмеуіне байланысты бас тартылған.

Басты себептер:

  • Өтініш берушінің атына жеке мүліктің тіркелуі;
  • Қарыз сомасының және төлем мерзімінің талапқа сай болмауы;
  • Кредитормен қарызды реттеу процесінен өтпеуі.

Банкроттық рәсімі жеңілдетілді

2024 жылдың маусым айында заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліп, банкроттық процедурасы жеңілдетілді:

  • Қарызды реттеу туралы растайтын құжаттарды ұсыну талабы алынып тасталды;
  • Кредитор мен қарыз сомасы туралы деректерді көрсету міндеті жойылды – енді ақпарат тікелей кредиттік бюролардан алынады;
  • Соттан тыс банкроттыққа қатыса алатын кредиторлар тізімі кеңейтілді.

Қыркүйектен бастап күшіне енетін жаңа өзгерістер:

  • 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған банк және микроқарыз шарттары бойынша қарызды реттеу міндетінен босатылады;
  • Банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін, қарыз туралы жазба кредиттік тарихта қалса да, барлық міндеттемелер тоқтатылады.

Қайта өтініш беру мүмкіндігі бар

МКК мәліметінше, банкроттықтан бас тартылған азаматтардың 7 мыңға жуығы үш айдан соң қайта өтініш беріп, талаптарға сай келетіндігін дәлелдегеннен кейін банкрот ретінде танылған.

2025 жылдың шілде айының соңына қарай банкроттық мәртебесін ресми түрде 34 мың қазақстандық алды. Оның ішінде:

  • 2 031 адам – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • 10 451 адам – 5 жылдан астам уақыт бойы қарыздарын өтемеген.

Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру

Сот арқылы банкроттық рәсімі бойынша:

  • 10 мыңнан астам өтініштің ішінен 225 адам банкрот деп танылды;
  • 181 адам төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде.

Банкрот болудан кейін – жаңа мүмкіндік

Комитет мәліметіне сәйкес, банкрот деп танылған 34 мыңнан астам азамат өз қарыз жүктемесінен арылып, экономикалық белсенділікке қайта оралған.

Олардың 1 248-і жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелді.
2024 жылдағы салықтық есептілік бойынша:

  • Жалпы кірісі – 202,8 млн теңге,
  • Төленген салық – 16 млн теңге.