Қазақстанда балаларын ұрып-соғатын ата-аналар азайған. Зорлық-зомбылық көрсету деңгейі төмендеген. Халықаралық «МИКС» зерттеуінің нәтижелері осындай. Бұл туралы ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша бала құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік кеңесшісі Аарон Гринберг мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы «Jibek Joly» телеарнасына сілтеме жасап.
Бухарест қаласында әр бес жылда бір өтетін халықаралық конференцияда Қазақстан тәжірибесі көпке үлгі ретінде көрсетілді. Жиынға Еуропа мен Орталық Азияның 32 елінің үкімет өкілдері қатысты.
«МИКС» зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, Қазақстанда балаларды тәрбиелеуде зорлық-зомбылық әдістерін қолдану азайып келеді. Бұл – жүйелі алдын алу шаралары мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Ең бастысы, осындай оң өзгерістерге не себеп болғанын түсіну және олардың тәжірибесін өзге елдерге үлгі ету маңызды, — деді Аарон Гринберг - Юнисеф Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша бала құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік кеңесшісі.
Жиында Динара Закиева балалардың қауіпсізідігін қорғау бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары мен бастамаларын таныстырды. Сондай-ақ «Қазақстан балалары» бағдарламасы әзірленіп жатқанын баяндады. ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Реджина де Доминичис қазақстандық тәжірибені халықаралық деңгейде үлгі ретінде көрсетуге болатынын айтты. Әсіресе, QR-111 жүйесін ерекше атап өтті. Бұл жүйеге күн сайын мыңға жуық бала көмек сұрап жүгінеді. Сонымен қатар, буллингтің, зорлық-зомбылықтың және суицидтің алдын алуға бағытталған барлық тетіктерді біріктіретін SAFE платформасы да жоғары бағаланды.
Қазақстан ата-аналар тарапынан балаларды тәрбиелеу кезінде зорлық-зомбылық элементтерін – физикалық жаза мен психологиялық қысымды қолдану деңгейі айтарлықтай төмендеген ел ретінде атап өтілді. Бұл көрсеткіш 53 пайыздан 38 пайызға дейін азайған. Бұл – бүгін Еуропа мен Орталық Азия елдері бойынша өңірлік кеңесші Аарон Гринбергтің есебінде атап өтілген ең жақсы нәтижелердің бірі, - деді Динара Закиева Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.