Қазақстанда балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеген

Қазақстанда балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеген

Жаз басталғалы балалардың терезеден құлау оқиғалары артқан, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ТЖМ мәліметінше, Астанада екі жасар бала бесінші қабаттан құлап, жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Қарағандыда үш жасар бала москит торына сүйеніп, үшінші қабаттан құлап, алған жарақат салдарынан көз жұмды. Оны құтқару мүмкін болмады.

Барлық жағдайларда дерлік балалар қараусыз қалып, терезелерді өздері ашқан. Әдетте трагедиялар бала оның салмағын көтере алмайтын москит торына сүйенген кезде болады. Бұл – ересектердің салғырттығының қайғылы салдары, - делінген мәліметте.

Негізгі тәуекел тобына 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар жатады.

Төтенше жағдайлар министрлігі барлық ата-аналар мен заңды өкілдерді қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады:

- балаларды қараусыз қалдырмаңыздар;

- москит торына сенбеңіздер - ол баланы ұстап қала алмайды;

- терезелерге арнайы құлыптар мен блокаторларды орнатыңыздар;

- бала терезе алдына өрмелеп шықпау үшін жиһаздарды терезеге жақын қоймаңыздар.

Әрбір осындай оқиға – трагедия, оның алдын алуға болады.