Қазақстанда балалардың 15,3% пайызы күн сайын интернетте жағымсыз контентке тап болады - министрлік

12 Қаңтар, 23:45 955

Елімізде балалардың 15,3% пайызы күн сайын интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді. Статистикалық дерекке сүйенсек, балалардың 5% алғаш рет желіге 4 жаста кіреді екен. Мұндай мәліметті Оқу-ағарту министрлігіндегілер ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ЮНИСЕФ-пен бірлесе жүргізілген "Kazakhstan Kids Online" ауқымды зерттеуі негізінде Қазақстанда балалардың интернетті пайдалануымен байланысты елеулі сын-қатерлер анықталған. Зерттеудің негізгі қорытындысы цифрлық әлемде балалар үшін қауіптерді азайту және қолдау стратегияларын әзірлеуге бағытталған.

Ведомство дерегінше, интернет бала өмірінің маңызды бір бөлігіне айналуда. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалардың 5% желіге алғаш рет төрт жаста, кей жағдайда тіпті одан да ерте жаста кіреді. Ал 9-10 жас аралығындағы балалардың 60% және 11-12 жас аралығындағы балалардың 66% әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында өз аккаунттарына ие.

Ең алаңдатарлық тұжырымдардың бірі − балалардың 15,3%-ы күнделікті, апта сайын немесе кем дегенде айына бір рет интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді. Ол балалардың 11,7% қатты күйзеліске ұшыраған. Бұл мәселе жас ұрпақ арасында киберқауіпсіздікті күшейтудің тез арада қолға алынуы керек екенін көрсетеді делінген министрлік мәліметінде.

Статистикалық деректерге сүйенсек, кибербуллингке куә болған балалардың басым бөлігі (52,1%) ол туралы ешкімге айтпауды жөн көреді. Ал ата-аналардың 17,6% ғана тыйым салынған контентті бұғаттау және зиянды материалдарды сүзгіден өткізу құралдарын пайдаланады.

Оқи отырыңыз: 

Осы тұста Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға «Ата-ана бақылауы» қосымшасын ұсынады. Бұл онлайн кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді құрал. Қолданбаны Play MARKET және APP STORE платформаларынан жүктеуге болады.

Ата-ана бақылауы - балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы стратегиясының бір бөлігі ғана. Балалармен ашық диалог жүргізу және олардың онлайн өмірін үнемі талқылау маңызды. Біз ата-аналар, педагогтер, АКТ − мамандары мен БАҚ өкілдерінің интернеттегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз, - деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Комитет ата-аналардың бақылауы қосымшаларын пайдаланудың маңыздылығы туралы хабардар болуын арттыруға және оларды онлайн-кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді әдістеріне үйретуге бағытталған кең ауқымды науқан өткізуді мақсат етеді.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: