Қазақстанда халықтың өмір сүру ұзақтығы артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 76 жасқа жетіп, тарихи максимум жаңарды. Осылайша, пандемиядан кейінгі қалыпқа келу үрдісі жалғасып отыр.
Сарапшылар мәліметінше, соңғы 10 жылда өмір сүру ұзақтығы 5,6%-ға, ал 15 жыл ішінде 11%-ға өскен. Дегенмен жаһандық рейтингте Қазақстан әлі де төменгі позицияларда – шамамен 132-орын.
Өмір сүру ұзақтығы ең жоғары өңірлер
Ел ішінде көрсеткіштер әртүрлі. Ең жоғары өмір сүру ұзақтығы ірі қалаларда тіркелген:
- Алматы – 78,83 жас
- Астана – 78,78 жас
- Шымкент – 77,76 жас
Сонымен қатар Маңғыстау облысы мен Жамбыл облысында да көрсеткіш орташа деңгейден жоғары.
Ең төмен көрсеткіш қай өңірлерде
Ал Ұлытау облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Шығыс Қазақстан облысында өмір сүру ұзақтығы ең төмен деңгейде – шамамен 73,5-73,7 жас.
Сонымен қатар Қызылорда облысы мен Солтүстік Қазақстан облысында кері динамика тіркелген.
Гендерлік айырмашылық сақталған
Елімізде әйелдер мен ерлер арасындағы өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы әлі де айтарлықтай. Орта есеппен әйелдер 79,8 жасқа дейін өмір сүрсе, ерлерге қатысты көрсеткіші – 72,19 жас. Яғни айырмашылық 7,5 жылдан асады.
Бұл алшақтық барлық өңірде байқалады. Ең жоғары айырмашылық Батыс Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Солтүстік Қазақстан облысында тіркеліп, 8-10 жылға дейін жетеді.
Ал ең төменгі айырмашылық Астана, Шымкент және Маңғыстау облысында – шамамен 5 жыл.
Жалпы алғанда, өмір сүру ұзақтығының артуы – оң үрдіс. Алайда өңірлер арасындағы айырмашылық пен гендерлік теңсіздік сақталып отыр. Бұл елімізде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен әлеуметтік жағдайдың біркелкі дамымағанын көрсетеді.