Қазақстанда әйелдер арасындағы жұмыссыздық көбейіп жатыр

10 Қаңтар 2023, 19:14 1598

2022 жылдың 3-ші тоқсанында жұмыссыздар саны 450,3 мың адам болды

Елімізде әйелдерді жұмыспен қамту жағы нашарлап кеткен, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі.

Ranking.kz мәліметінше, 2022 жылдың 3-ші тоқсанында жұмыссыздар саны 450,3 мың адам болды. Бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға аз. Қазақстанда жұмыссыздар санының екінші жыл қатарынан азайып келе жатқанын айта кетейік.

Өңірлер бойынша 2022 жылдың 3-ші тоқсанында жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Түркістан мен Маңғыстау облыстарында екен. Әрқайсында бұл көрсеткіш 5,3 пайызға тең.

Гендерлік жағынан әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі ерлерге қарағанда айтарлықтай жоғары. Мәселен, жұмыс істемейтін әйелдердің деңгейі 5,7 пайыз, ерлер арасында бұл көрсеткіш 4,1 пайыз. Бір жыл бұрын әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыз болса, ерлер арасындағы жұмыссыздық 4,3 пайыз еді.

Осы тұста Қазақстанда жұмыссыз әйелдердің саны бір жылда 4,3 пайызға өсіп, 2022 жылдың 3-ші тоқсанында 257,4 мың адамға жеткенін айта кетейік. Ал жұмыссыз жүрген ерлер саны 5,5 пайызға азайып, 192,9 мың адамға тең болды.

Әлемдік статистикаға сәйкес, әйелдер ерлерге қарағанда жұмысынан тез айырылады. БҰҰ ақпаратынша, бұған себеп көп бар: әйелдер көп жұмыс істейтін салалардың тұрақсыздығы, еңбек құқықтарын қорғау барысында ерлерге басымдық беру және үйде істейтін шаруаның артуы.

EL.KZ
Бөлісу: