Қазақстанда жеңіл көліктердің шамамен жартысы 20 жылдан асқан. Мұндай дерек ІІМ мен Ұлттық статистика бюросының мәліметтерін талдау барысында анықталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ескі көліктер басым
1 қыркүйектегі жағдай бойынша елде 5,8 миллионнан астам жеңіл автомобиль тіркелген. Оның ішінде 2,4 миллионы – яғни 41,5%-ының қолданылу мерзімі 20 жылдан асқан. Ал 10-20 жылдық көліктер – 24,2%, 3-7 жылдықтары – 17,2%, 7-10 жылдықтары – 10,3%, 3 жылдан көліктер бар болғаны 6,8%-ды құрайды.
Ұқсас жағдай басқа көлік түрлерінде де байқалады. Жүк көліктерінің 51%-ы мен мотоциклдердің 53,7%-ы да 20 жылдан асып кеткен. Ал автобустар негізінен 10-20 жылдық жас санатында – 38,2%.
Қай өңірлерде ескі көліктер көп
Өңірлік көрсеткіштер айтарлықтай айырмашылықты көрсетеді. Ең «кәрі» автопарк Жамбыл облысында — мұндағы көліктердің 63,1%-ы 20 жылдан ескі. Жетісу облысында – 59,3%, Алматы облысында – 56,9%, Солтүстік Қазақстанда – 52,9%, Шығыс Қазақстанда – 50,2%, Ақмола облысында – 50,8%.
Ал ең жас автопарк Атырау облысында: мұнда көліктердің 11,5%-ының пайдалануға берілгеніне үш жылдан аспаған. Бұл - ел бойынша ең үздік көрсеткіш.
Алматы мен Шымкенттегі жағдай
Алматыда көліктердің 29,6%-ы 20 жылдан асқан. Дегенмен 3-7 жылдық темір тұлпарлардың үлесі де айтарлықтай – 25,9%. Ал 10-20 жылдықтар – 24,6%, 7-10 жылдықтар – 11%, үш жылдан жас көліктер – 8,9%.
Шымкенттегі жағдай бөлек: мұнда 20 жылдан асқан көліктер – 29,2%, 10-20 жылдықтар – 27,1%, 3-7 жылдықтар – 24%. Ал 3 жыл болмаған көліктердің үлесі 8,6%-ды құрайды.