Кез келген адамның денсаулығы кенеттен сыр беріп, жұмысқа уақытша шыға алмай қалуы мүмкін. Осындай жағдайда азаматтың еңбек құқығын қорғап, әлеуметтік төлем алуына мүмкіндік беретін ресми құжаттың бірі – уақытша еңбекке жарамсыздық парағы. Бұл құжатқа қатысты «кімдер рәсімдей алады, төлем қалай есептеледі, мерзімі қанша күнге созылады?» деген сауалдар жиі қойылады. Осы орайда El.kz интернет порталы аталған сауалдарға жауап іздеп көрді.
Қазақстанда аурухана парағын кімдер ала алады?
2025 жылы уақытша еңбекке жарамсыздық парағын тек Қазақстан азаматтары ғана емес, сондай-ақ қандастар, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да рәсімдей алады.
Аурухана парағы тек бір данада беріледі. Егер қызметкер бірнеше жерде еңбек етсе, түпнұсқа құжат негізгі жұмыс берушіге тапсырылады. Қалған жұмыс орындарына медициналық мекеме басшысы қол қойып, мөр басқан көшірмелер ұсынылады. Мұндай талап құжаттың заңды күшін қамтамасыз ету үшін енгізілген.
Уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алу рәсімі де жеңілдетілген. Қызметкер оны емханаға барып дәстүрлі жолмен рәсімдей алады немесе онлайн тәсілді пайдалану мүмкіндігі бар. Электрондық нұсқаны Egov.kz порталы арқылы «Денсаулық сақтау» - «Медициналық көмек» бөлімінде рәсімдеуге болады. Қызмет тегін көрсетіледі, ал құжатты рәсімдеу уақыты әдетте жарты сағаттан аспайды.
Аурухана парағы қанша күнге ашылады?
Қызметкер денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмай қалған жағдайда оған уақытша еңбекке жарамсыздық парағы беріледі. Бұл құжаттың мерзімі әр науқастың жағдайына және диагнозына қарай белгіленеді.
Мәселен, ел ішінде жиі кездесетін сырқаттардың бірі – тұмау мен ЖРВИ. Мұндай кезде еңбекке жарамсыздық парағы көбіне үш күнге ашылады. Кей жағдайларда дәрігердің шешімімен ол алты күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Егер ауру асқынып, бактериялық немесе басқа да асқынулар пайда болса, қосымша тексеруден кейін парақты ұзарту мәселесін емдеуші дәрігер ғана емес, бөлім меңгерушісі де қарап, бекітеді. Жалпы алғанда, мұндай құжаттың мерзімі жиырма күнге дейін созылуы ықтимал.
Сонымен бірге, еңбек заңнамасына сәйкес, бір қызметкердің аурухана парағы үздіксіз алпыс күнге созылған жағдайда жұмыс берушінің оны жұмыстан босатуға құқығы бар. Дегенмен бұл ереже барлық азаматтарға бірдей қолданылмайды. Жүкті немесе жаңа босанған әйелдерге, сондай-ақ ұзақ әрі күрделі емдеуді қажет ететін туберкулез сынды ауруға шалдыққандарға мұндай шектеу қойылмайды.
Айта кету керек, уақытша еңбекке жарамсыздық парағының мерзімі науқас өзін жайсыз сезінген күннен емес, дәрігерге жүгінген күннен бастап есептеледі. Яғни құжат ресми түрде медициналық мекеме тіркеген сәттен күшіне енеді.
Төлем қалай есептеледі?
Елімізде уақытша еңбекке жарамсыздыққа байланысты төлем мөлшері қызметкердің орташа күндік табысына және еңбекке жарамсыз болған күндер санына сүйене отырып есептеледі. Дегенмен заңнама бойынша бұл төлемнің ең жоғарғы шегі бар: ол 25 айлық есептік көрсеткішке тең. 2025 жылы бұл сома – 98 300 теңгені құрайды.
Мәселен, бір қызметкердің орташа күндік жалақысы 9 000 теңге делік. Ол дәрігерден 10 күнге еңбекке жарамсыздық парағын аштырды. Есеп бойынша оған 90 000 теңге төленуі тиіс (9 000 × 10). Бұл көрсеткіш 25 АЕК-тен аспағандықтан, қызметкер толық көлемде 90 000 теңге алады.
Ал екінші мысалды қарастырайық. Жұмыскердің күндік табысы 15 000 теңге болса, 10 күндік төлем 150 000 теңгені құрайды. Алайда заңда бекітілген шектеу – 98 300 теңге болғандықтан, қызметкерге осы максималды мөлшер ғана төленеді.
Айта кетейік, кей жағдайларда жұмыс беруші өз бастамасымен белгіленген шектен жоғары төлеуді шешуі мүмкін. Бұл міндет емес, бірақ компания тарапынан қолдау шарасы ретінде жүзеге асады. Әсіресе орташа табысы төмен қызметкерлер үшін мұндай қадам әлеуметтік жағынан тиімді. Мысалы, күндік жалақысы 6 000 теңге қызметкер 10 күн ауруханада болса, оған төленетін сома 60 000 теңгені құрайды. Егер жұмыс беруші қосымша қолдау білдірсе, төлемді 98 300 теңгеге дейін арттыруы мүмкін.
Төлем қандай мерзімге жасалады?
Қазақстанда уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша төлем қызметкердің еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Егер жұмыскер бір ұйымға жақында орналасып, бір жылға жетпейтін уақыт еңбек етсе, оған жәрдемақы нақты жұмыс істеген күндерінің негізінде ғана төленеді.
Төлем мерзімі де заңнамада нақты белгіленген. «Еңбекке уақытша қабілетсіздікке байланысты әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидаларына» сәйкес, қаражат қызметкер еңбекке жарамсыздық парағын тапсырған айдан кейінгі айдың алғашқы он күндігінде аударылуы қажет.
Қоса кетейік, бұл жәрдемақы жалақыға теңестірілетін табыс түріне жатады. Сол себепті оған да салықтық және әлеуметтік ұсталымдар қолданылады. Атап айтқанда, уақытша еңбекке жарамсыздық үшін берілетін сомадан:
Осыдан кейін қызметкердің қолына берілетін нақты сома алғашқы есептелген көлемнен азаяды. Яғни, төлем толық көлемде емес, шегерімдерден кейінгі мөлшерде түседі.
Бала күтіміне байланысты аурухана парағы
Қызметкердің тек өзі емес, оның баласы ауырған жағдайда да еңбекке уақытша жарамсыздық парағы рәсімделеді. Мұндай құжатты тек ата-ананың бірі ғана емес, қажет болғанда әжесі, атасы сияқты басқа да жақын туыстары ала алады.
Егер бала амбулаторлық жағдайда, яғни үйде емделсе, аурухана парағы әдетте 10 күнге дейін ашылады. Ал кішкентай науқас стационарда ем қабылдаған жағдайда құжаттың мерзімі ауруханада жатқан күндеріне сәйкес беріледі. Мәселен, үш жасқа толмаған сәбилердің немесе 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасына еңбекке жарамсыздық парағы емделу кезеңінің толық уақытына рәсімделеді.
Стационарда ем қабылдау барысында құжатты тікелей аурухана береді. Егер бала ауруханадан шыққаннан кейін қосымша күтімді қажет етсе, онда келесі парақты емхана дәрігері 10 күнге дейінгі мерзімге ашады.
Кейде ата-ана бала ауруханаға түспей тұрып-ақ үй жағдайында емделуіне байланысты парақ аштырады. Мұндай жағдайда үйде өткізілген күндер кейінгі мерзімнен шегеріледі. Мысалы, егер ата-ана алдымен баласымен үйде 5 күн болған болса, стационардан шыққан соң оған тағы тек 5 күндік еңбекке жарамсыздық құқығы беріледі.
2026 жылдан бастап қандай өзгерістер күтіледі?
Келесі жылдан бастап Қазақстанда еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары кезең-кезеңімен толықтай электрондық форматқа көшіріледі деп жоспарланып отыр. Демек, қағаз түріндегі парақтар біртіндеп қолданыстан шығады. Бұған дейін 2025 жылдың сәуірінен бастап барлық медициналық ұйымдарда тек электронды нұсқа енгізіледі деп хабарланған еді. Алайда кейін бұл шешім қайта қаралып, процесті бірден емес, кезең бойынша жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта елде екі нұсқа қатар қолданыста – қағаз түріндегі және электрондық форматтағы еңбекке жарамсыздық парақтары.
Жаңа үлгідегі құжаттарда бұрынғыдай қызметкердің жұмыс орны немесе атқаратын лауазымы көрсетілмейді. Бұл мәліметтер үшін арнайы жолдар қарастырылмаған. Ал жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің уақытша еңбекке жарамсыздық парақтарын арнайы hr.enbek.kz порталы арқылы көре алады.
Сонымен қатар, 2026 жылы аурухана парағы бойынша максималды төлем мөлшері сәл өсіп, 108 125 теңгеге жетеді.
Демалыс кезінде берілетін аурухана парағы
Қызметкер жоспарлы еңбек демалысында жүргенде суық тигізіп немесе тұмаумен ауырса, оған ашылған еңбекке жарамсыздық парағы ешқандай қаржылық төлем әкелмейді. Яғни бұл жағдайда демалыс мерзімі ресми түрде ұзартылмайды және жәрдемақы тағайындалмайды.
Сол сияқты, жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңінде немесе үш жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты берілетін ақысыз демалыс уақытында алынған аурухана парағы да төленбейді.
Бірнеше жерде істейтін қызметкерлерге аурухана төлемі қалай жүргізіледі?
Егер адам бір мезгілде екі не одан да көп жерде ресми түрде жұмыс істесе, онда аурухана парағы үшін төлем әр жұмыс орнында жеке-жеке есептеліп, төленеді. Яғни, сіз қай мекемеде еңбек шарты бойынша қызмет атқарып жүрсеңіз, сол ұйымның әрқайсысы өзіндегі орташа табысыңызға сүйене отырып, еңбекке жарамсыздық бойынша төлем жасайды.
Бұл жерде ескеретін жайт – төлем тек ресми еңбек шарты бар жерлерде ғана жүргізіледі. Егер қосымша табыс көзі азаматтық-құқықтық келісім арқылы болса, онда ол жұмыс орны бойынша төлем жасалмайды, өйткені әлеуметтік сақтандыру қорына жарна түспейді.
Қарапайым тілмен айтқанда, екі жерде еңбек шартыңыз болса – екі жақтан да ақша аласыз. Үш жерде болса – үшеуінен де.
Азаматтық-құқықтық шартпен жұмыс істейтіндерге аурухана парағы төлене ме?
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт еңбек шартына теңеспейді. Мұндай келісім бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерге Еңбек кодексінде қарастырылған әлеуметтік кепілдіктер берілмейді. Соның ішінде уақытша еңбекке жарамсыздыққа байланысты төлем алу құқығы да қарастырылмаған.
Яғни, егер жұмысшы азаматтық-құқықтық шарт негізінде қызмет атқарып жүрсе, ол ресми түрде қызметкер болып саналмайды, сондықтан аурухана парағы үшін төлем алмайды. Бұл жағдайда жұмыс берушінің де, әлеуметтік сақтандыру қорының да міндеттемесі туындамайды.