Қазақстанда ауасы ең лас 10 қала белгілі болды

13 Мамыр 2023, 21:45 1248

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәліметіне сүйенсек, елімізде атмосфералық ауасы ластанған 10 қала бар. Соның бірі – Атырау қаласы.

Бұл туралы министр Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінде «Экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында өткен кеңейтілген отырыста мәлім етті. 

Отырыста Қазақстанның экологиялық жағдайы, қоршаған ортаның жай-күйі мен табиғи ресурстарды пайдалануды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды.

Мониторинг нәтижелері бойынша 69 елді мекеннің 10-ы атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейіне жатады. Бұл – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған, Риддер қалалары. Жыл сайын «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде еліміздің ірі қалаларында орналасқан 16 кәсіпорында ластаушы заттар шығарындыларын азайту жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда, -деді Зүлфия Сүлейменова.

Министрдің мәліметінше, 2022 жылы қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемнен жергілікті бюджетке 98,6 млрд теңге түскен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын экологтер Атырау ауасында күкіртті сутек шекті нормадан асып кеткенін айтқан болатын.

Ауа сапасына талдау жүргізу кезінде желдің бағыты солтүстік-батыстан, атмосфералық ауа температурасы+13С, қысым - 756, ылғалдылық - 73% және желдің жылдамдығы секундына 10 метрді құрады. Бұл бағытта Атырау қаласының оң жағалауында «Квадрат» булану алаңы орналасқан. Осыған орай атмосфералық ауадан сынама алынды. «Квадрат» булану алаңында жүргізілген мониторингтің нәтижесінде күкіртті сутек ингредиентінің рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу фактісі анықталды, -деп хабарлаған еді департаменттің баспасөз қызметі.

 

Перизат Саденова
Бөлісу: