01.04.2026
10:38
175

Қазақстанда әрбір төртінші жол-көлік апаты есепке алынбайды – зерттеу

Қазақстанда жол-көлік оқиғаларына қатысты жаңа статистикалық көрсеткіш қоғамда түрлі сұрақ тудырды. Autoreport.kz мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша зардап шеккендер тіркелген жол апаттарының 24 пайызы арнайы есепке енгізілмегені анықталған. Яғни әр төртінші апат толық тіркелмеген деген сөз.

Сонымен қатар мұндай оқиғалардың жалпы саны 36,1 мыңға жетіп, соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейге көтерілген.

Алайда сарапшылар бұл көрсеткіштерді біржақты қабылдамауға шақырады. Себебі мәселе тек жолдағы жағдайға емес, есеп жүргізу әдісіне де тікелей байланысты.

Екі түрлі есеп бар

Ресми деректерді еліміздің Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті жариялайды. Мұнда «жасырылған» апат деп полиция арнайы есепке енгізбеген, бірақ жалпы есепте тіркелген оқиғалар айтылады.

Бұл дегеніміз жол апаты мүлде тіркелмей қалды деген сөз емес. Ол әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзушылық ретінде есепке алынады, бірақ жол қауіпсіздігін талдауға арналған арнайы базаға енгізілмейді. Сондықтан мұндай жағдайлар үшін қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Арнайы есептің маңызы – жолдардағы нақты қауіп деңгейін анықтау. Ал жалпы есеп барлық құқықбұзушылықтарды қамтығандықтан, толық көрініс бермейді.

Аймақтардағы айырмашылық

Орташа 24 пайыздық көрсеткіш елдегі нақты жағдайды толық сипаттай алмайды. Мәселен, бес өңірде жасырылған апаттардың үлесі 50 пайыздан асады. Оның ішінде Қарағанды және Түркістан облыстарында бұл көрсеткіш 100 пайызға жуықтаған.

Ал тоғыз өңірде бұл көрсеткіш 10 пайызға да жетпейді. Мұндай айырмашылық көбіне тексеру және салыстыру жұмыстарының қалай жүргізілетініне байланысты.

Комитет мәліметінше:

Өңірлерде жасырылған жол апаттарын анықтау тәсілдері әртүрлі. Кей жерде олар әкімшілік және қылмыстық істермен салыстыру арқылы анықталса, басқа өңірлерде медициналық ұйымдардың деректерімен сәйкестендіру арқылы табылады.

«Жасырылған» апат қалай анықталады?

Мұндай оқиғалар екі негізгі әдіспен анықталады:

тіркелген істерді әкімшілік және қылмыстық өндірістермен салыстыру;

медициналық мекемелердегі жарақат алғандар туралы мәліметтермен тексеру.

Сонымен қатар кейбір апаттар мүлде тіркелмей қалуы мүмкін. Мысалы, кінәлі тарап зардапты өзара өтеп, мәселені сол жерде шешіп алады. Мұндай жағдайлар полицияның «жасыруына» жатпайды. Бірақ кейін анықталып, арнайы есепке енгізілмесе – онда бұл да жасырылған дерекке айналады.

Статистика неге күрт өсті?

2024-2025 жылдардағы көрсеткіштердің өсуіне бірнеше фактор әсер еткен:

  • Жасырылған апаттарды анықтау жұмысы күшейді.
  • Жаңа аналитикалық құралдар енгізіліп, медициналық деректермен салыстыру жүйесі кеңейді.
  • Заңнамалық өзгерістер енгізілді.

2024 жылдың маусымынан бастап «жарақат алған адам» ұғымы кеңейтілді. Енді тек сот-медициналық сараптамамен расталған жағдайлар ғана емес, медициналық көмекке жүгінгендердің барлығы есепке алына бастады.

Есеп жүргізу тәсілі өзгерді

Бұрын тек ауыр немесе нақты дәлелденген жарақаттар есепке алынса, қазір халықаралық аурулар классификациясына сүйенетін кеңірек тәсіл қолданылуда.

Осының нәтижесінде тіркелген апаттар саны күрт өсіп көрінеді. Бірақ бұл міндетті түрде жолдағы жағдай нашарлады дегенді білдірмейді.

Сарапшылардың пікірінше, 24 пайыздық көрсеткіш жол апаттарының жаппай жасырылып жатқанын емес, кей өңірлерде арнайы есеп жүргізу жұмысының әлсіздігін көрсетеді.

Соңғы жылдардағы өсім де көбіне есеп жүйесінің жетілдірілуімен байланысты. Сондықтан бұл деректерді дабыл қағатын жағдай ретінде емес, статистиканы нақтылау және жүйелеу кезеңі ретінде қабылдаған жөн.

Сонымен бірге құзырлы органдар полициямен бірлесіп, бірыңғай әрі ашық есеп жүйесін қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.