Қазақстанда әрбір бесінші адам құмар ойынға әуес болған

27 Наурыз, 15:05 923

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев соңғы 2,5 жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар екенін айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Депутаттың дерегінше, елімізде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болып отыр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Бұрын сарбаздар арасында әлімжеттік бар болғанымен, суицид өте сирек кездесетін. Қазір әлімжеттік азайғанымен, сарбаздардың өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, осындай жантүршігерлік қадамға барып жатыр, - деді мәжілісмен.

Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Депутат лудомандар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға баратынын айтты.

Тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастады. Олардың ересек туыстарының атынан тіркеліп, ойнау фактілері жиілеп кетті. Мәселен, шамамен еліміздегі әрбір бесінші жас букмекерлік кеңселерде бәс тігеді. Бұл дегеніңіз бір миллионнан астам жас кемінде бірнеше рет құмар ойынға бәс тіккен деген сөз», - деді Бейсенбаев.

Депутат бұрын жастар ойын автоматтарымен ойнаса, енді оның барлығы онлайнға көшкеніне тоқтала кетті.

Бала кезінен құмар ойынына үйір болған балалар өсе келе оған біржола тәуелді болып қалуда. Оның соңы қарызға кіруге, суицидке, ажырасуға және маскүнемдікке әкеледі. Ақыр соңында бұл жеке адамның ғана емес, отбасының, бүкіл қоғамның проблемасына айналды, - деді мәжілісмен.

Миражан Махан
Бөлісу: