Астанада артық салмақ пен семіздік мәселесіне қарсы нақты шаралар қабылдауға бағытталған маңызды жұмыс басталды. Елге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары келіп, семіздікке қарсы жедел іс-қимыл жоспарын іске асыруға арналған миссияны бастады. Ол – Қазақстанда артық салмақтың алдын алу және оны емдеудің заманауи тәсілдерін медицина жүйесіне енгізуге арналған ұлттық «Жол картасын» әзірлеуге бағытталған. Бұл туралы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Мәселенің өзектілігін ресми статистика да көрсетіп отыр. 2024 жылы жүргізілген STEPS зерттеуінің деректеріне сәйкес, Қазақстандағы 18 жастан асқан тұрғындардың 58 пайызы артық салмақпен өмір сүреді. Оның ішінде халықтың 22,4 пайызында семіздіктің клиникалық түрі тіркелген. Бұл тек ересектерге ғана қатысты емес. Балалар арасында да жағдай алаңдатарлық. COSI зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, 6–9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызында артық салмақ байқалса, 6,6 пайызы семіздікке шалдыққан. Мұндай көрсеткіштер мемлекет деңгейінде жүйелі әрі шұғыл шаралар қажет екенін көрсетеді.
Сондықтан Үкімет тапсырмасымен семіздіктің таралуын азайтуға және халық арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Бұл мәселені шешу үшін бірнеше ведомствоның бірлескен жұмысы қажет. Яғни тек ұсыныстармен шектелмей, нақты практикалық құралдарды енгізу көзделіп отыр.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова семіздік мәселесінің ауқымын ерекше атап өтті.
Семіздік – тек медициналық мәселе емес. Бұл – қоғамдық денсаулыққа да, ел экономикасына да әсер ететін жаһандық сын-қатер. Біздің міндетіміз – халықтың дұрыс тамақтануына жағдай жасап, тиімді салық саясатын қарастырып, медициналық және профилактикалық көмектің қолжетімділігін арттыру. Сонымен бірге халықаралық тәжірибеде дәлелденген құралдарды еліміздің басымдықтарына бейімдеу маңызды, – деді вице-министр.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы-ның Қазақстандағы өкілі Скендер Сыла бұл бағыттағы жұмыста халықаралық сарапшылар Қазақстанға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Қазақстанда біз әріптестермен бірге кешенді тәсіл қалыптастырып жатырмыз. Оның ішінде тәтті сусындардың қолжетімділігін азайту, балаларды зиянды өнімдердің агрессивті маркетингінен қорғау, дәрігерлерді оқыту және емдеудің заманауи әдістерін енгізу бар. Біздің ортақ мақсатымыз – семіздік пен оған байланысты аурулардың таралуын айтарлықтай азайту, – деді ол.
Жоспар аясында бірнеше нақты шара қарастырылып отыр. Атап айтқанда, құрамында қант бар сусындарға салық енгізу, балаларға арналған зиянды өнімдердің жарнамасын шектеу, сондай-ақ азық-түлік қаптамасына фронтальды таңбалау енгізу жоспарланған. Бұл тұтынушыларға өнімнің құрамын тез түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін жаңғырту көзделіп отыр. Жалпы практика дәрігерлері «қысқа араласу» әдістемелеріне оқытылып, семіздік қаупін ерте анықтау мен пациенттерді кешенді түрде бақылауға мүмкіндік алады.
Үш күнге созылатын миссияның қорытындысында нақты мерзімдер мен жауапты мекемелер көрсетілген ұлттық «Жол картасы» бекітіледі. Бұл жоспарды 2030 жылға дейін іске асыру көзделіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, қабылданатын шаралар елде салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастырып, халық денсаулығын жақсартуға бағытталған тиімді профилактика жүйесін дамытуға мүмкіндік береді.