04.09.2025
14:50
1921
Қазақстанда апат туралы алғашқы көркем фильм жарыққа шықты

Қазақстанда апат туралы алғашқы көркем фильм жарыққа шықты

Астанада режиссер Думан Еркімбектің алғашқы толықметражды туындысы – «Qaitadan» фильмі таныстырылды. Бұл картина – елімізде апат тақырыбын арқау еткен тұңғыш көркем фильм саналады. Жобаны Dala Cinema студиясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асырған.

Көрермендер картинаны бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көре алады. El.kz интернет порталының тілшісі фильмнің Астанада өткен жабық көрсетіліміне қатысып, көрермендердің алғашқы әсерін біліп қайтты.

Фильмнің негізгі оқиғасы Рауан есімді өзімшіл қала жігітінің өмірінен сыр шертеді. Спорттық жарыс алдында ата-анасының өтінішімен ауылға барған ол уақыт қақпанына түсіп қалады, бастан кешкен жағдайлары қайта-қайта қайталана береді. Шығудың амалын іздеген кейіпкер ірі апатқа тап болып, сол сәт оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді.

Қазақ кино тарихында алғаш рет апат туралы әлеуметтік-драма жанрында түсірілген «Қайтадан» фильмінің режиссері әрі сценарий авторы Думан Еркімбек фильмнің шығу тарихы мен түсірілім барысындағы қиындықтар туралы баяндап берді.

Фильмнің мақсаты

«Қайтадан» фильмі апаттың салдарын ғана емес, сонымен қатар адамдардың өміріндегі қайталанатын сәттер мен олардың салдарын ой елегінен өткізуді мақсат етеді. Думан Еркімбектің айтуынша, идея төрт жыл бойы пісіп-жетілген, нәтижесінде қазақ киносына жаңа леп әкелетін туынды дүниеге келді.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Идеяның пайда болуы

Фильмнің идеясы маған 2020 жылы келді. Сол жылы Алматы облысындағы Күрті ауылында түсірілімде жүргенбіз. Ауылдың шетіндегі үлкен дамбыны көріп, «егер ол жарылып кетсе, ауылдан ештеңе қалмайды» деген ой келді. Осы идеяны дамыта келе, «Қайтадан» фильмінің сценарийін жазып шықтық, – дейді Думан Еркімбек.

Кастинг процесі

Актерлерді таңдау процесі де оңай болмаған.

Біз актерлерді ұзақ уақыт таңдадық. Басында басқа құраммен түсірілімді бастап көрмек болғанбыз, бірақ бұл ойдан бас тарттық. Түсірілімді тоқтатып, қажетті актерлерді қайта таңдап, жұмысты жалғастырдық, – деді режиссер.

Кастинг процесі бір жарым айға созылған. Негізгі рөлдерге бұрын бірге жұмыс істеген, режиссерге ұнайтын тәжірибелі актерлер таңдалса, қосалқы рөлдерге кастинг арқылы актерлер іріктеліп алынған.

Түсірілімдегі қиындықтар

Фильмнің ерекшелігі – апаттың ғана емес, бір күннің қайталануының бейнеленуі.

Бір күн қайталанатындықтан, біз ауа райын біркелкі ұстауға мәжбүр болдық. Күн шығып тұрса, тек күн шыққан кезде түсіру керек болды. Бірақ кейде қатты жаңбыр, тіпті бұршақ жауып, түсірілімді ұзақ уақыт күтуге тура келді, – дейді Думан.

Тағы бір қиындық компьютерлік графикадан бас тартуға байланысты болған.

Сценарий жазыла бастағанда, көрерменді компьютерлік графикамен таңғалдыру қиын екенін түсіндік. Ол шынайы болмайды. Сондықтан біз үлкен макеттер жасап, сонымен түсіру туралы шешім қабылдадық. Бірақ Қазақстанда мұндай тәжірибе болмаған соң, бұл оңай болған жоқ. Мамандардың көбі «біз мұндайды істеп көрмеппіз» деп жауап берді, – дейді режиссер.

Осы қиындықты жеңу үшін тәжірибелі суретші Бекен мырзаны шақырған.

Ол кісі де мұндайды бұрын жасап көрмеген еді, бірақ біз бірге кірісіп, жеті-сегіз тестілеуден кейін қалаған нәтижеге қол жеткіздік, – дейді фильм режиссері және сценарий авторы Думан Еркімбек.

Фильм үшін бүтін бір ауылдың макеті жасалған

Фильмнің бас продюсері Жалын Тілеуберген жобаның мақсаты мен ауқымы жайында ойын бөлісті.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Айтуынша, бұл, тарихи фильмдерді қоспағанда, Қазақстандағы ең ұзақ дайындалған фильмдердің бірі.

Шығармашылық топ бөгетті төрт-бес рет тұрғызып, қайта-қайта жарды. Алғашында бәрі ойдағыдай шықпады, қайта жасауға тура келді. Бірақ көрерменге сенімді ету үшін шынайы кадрлар қажет болды. Бұл өте қиын, бірақ бізді шабыттандырған жұмыс болды, – деді ол. 

Сондай-ақ продюсер фильм арқылы қандай да бір тосын жағдай болса, еліміздің әрбір азаматы қалай әрекет ету керегін көрсетуге тырысқанын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, есею туралы фильм.

Фильмді түсіру барысында көптеген қиындықт болды. Фильм үшін жай ғана декорация емес, толыққанды ауыл тұрғызылды. Яғни бұрын-соңды елімізде болмаған макет жасалды. Оған қоюшы суретшілеріміз бас-аяғы 3 ай уақыт жоғалтты. Осы арқылы біздің мамандардың ауқымды ғана емес, өте креативті декорацияларды да жасай алатын дәлелдедік деп ойлаймын. 300-ден астам массовка, ондаған дрон, екі үлкен түсірілім тобы қатысқан эвакуация мен дамбының жарылу сахналарын түсіру қиынға соқты, – дейді фильмнің бас продюсері Жалын Тілеуберген.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали жобаның жанрына ерекше тоқталды.

Ұлттық кино орталығы 

Бұл жобаны қазақ киносының бір ерекше белеске көтерілгені деп есептеуге болады. Өйткені, біріншіден, бұл жаңа сападағы, жаңа техникалық мәселелерді пайдалана отырып жарыққа шыққан дүние. Екіншіден, бұл жастардың жасаған туындысы. 2023 жылы продюсер Жалын Тілеуберген орталықтан питчингте жеңіске жеткен жастардың алғашқы дебюттік жобасы. Мұндай дебюттік жобамен жастардың сапалы дүние түсіргені өте қуантарлық, – дейді.

Оның айтуынша, соңғы алты жыл ішінде орталықтың қолдауымен 118 отандық фильм түсірілген. Қазақстандық туындылар 280-нен астам халықаралық фестивальге қатысып, 157 жүлдеге ие болған. Бұл – мемлекет тарапынан жас режиссёрлерге, дебюттік жобаларға беріліп отқан нақты қолдаудың нәтижесі.

Алған әсер 

ҰКҚО Сараптама кеңесінің мүшесі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова фильмге жоғары баға беріп, шығармашылық топтың ынта-жігері көркем әрі әсерлі туынды жасауға мүмкіндік бергенін айтты. Сөзінше, әр дәуірдің өзінің адамдары болады.

Ұлттық кино орталығы 

Бүгінгі күннің кейіпкерін көрдік. Бұл, біріншіден, жастардың түсірген дебюттік жобасы. Осыдан жастардың рухы, ұрпақ сабақтастығы сезіледі. Естеріңізде болса, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмі қандай қызықты болса, мына фильм өзінің дәуіріндегі тақырыпты көтеріп отыр. Өзінің дәуіріндегі философияны, трагедияны көтеріп отыр. Біз бүгінгі кейіпкерді көрдік, – дейді жазушы.

Сондай-ақ жазушы жас режиссердің бірінші шығармасының осындай сәтті болуы және сценарий жазып, конкурсқа қатысқанын сарапшы ретінде жоғары бағалады. Әнші, актриса Салтанат Серкебаева да фильмнің сәтті шыққанын айтты.

Маған өте ұнады. Басында әзілдер көп болып, соны қабылдай алмай отырдым. Кейін бұл әзілдердің ақталғанын байқадым. Өте керемет болды. Басты кейіпкерлердің бәрі бір-біріне жарасымды, шеберлікпен ойнап шықты. Арасында жылап, күлетін жерінде күліп алдық, – дейді актриса.

Басты рөлді сомдаған жас актер

Бас рөлді сомдаған жас актер Жасұлан Көпберген түсірілім кезіндегі қиындықтар мен тәжірибесі туралы айтып берді.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бізде ең қиын сахналар дамбыда түсірілді. Атқа шапқан сахналарым болды. Киноға шолақ шалбармен түскендіктен, атқа шапқанда үзеңгімен аяғымды сырып, екі рет ауруханаға түстім. Дамбы жарылған сахналарды алғашқы практикада жасыл төртбұрышты бөлмеде түсірдік. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ауылды тоғыз есе кішірейтіп, үлкен алаңда макетін тұрғыздық. Соны сумен жарып жібердік. Тек бір дубль болды, 12 камера қолдандық, – дейді жас актер.

Көрсетілімге келген қонақтар фильмнің ерекше атмосферасын атап өтті. Олардың айтуынша, оқиға желісі мен уақыт қақпанына түскен кейіпкердің тағдыры көрерменді ойландырады әрі толғандырады. Әсіресе, табиғи апат көріністері мен басты кейіпкердің ішкі өзгерісі шынайы көрсетілген.

Ұлттық кино орталығы