Қазақстанда алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа жоба жасалады

24 Тамыз, 13:31 449

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ алаңында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов және Kazakh Invest басқарма төрағасы Ержан Елекеев «Carlsberg Kazakhstan» президенті Вячеслав Мальцевпен кездесу өткізіп, оның барысында тараптар компанияның Қазақстан мен Орталық Азиядағы қызметін кеңейту жөніндегі жоспарларын талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

В. Мальцев қазақстандық өкілдерге Carlsberg Kazakhstan компаниясының алкогольсіз сусындар өндірісі бойынша жаңа перспективалық жобасы туралы айтып берді. Компания Қазақстанға жергілікті және шетелдік нарықтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді инвестицияларды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру үшін Carlsberg Алматы, Түркістан облыстарын, сондай-ақ Шымкент қаласын қарастыруда.

Қазіргі уақытта компания аймаққа инвестицияларды келісудің соңғы кезеңінде және жобаны бастау мен іске асыру процесін жеделдету үшін сүйемелдеу мен көмекке мұқтаж.

Ә. Қуантыров инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары мен елдің инвестициялық ахуалы туралы хабардар етті:

«Біз барлық инвесторларымызды қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстанда инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау. Осыған байланысты біз Сізге ағымдағы мәселелерді шешуде және басқа да кедергілерді жоюда барлық қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз».

Кездесуде тараптар даниялық компания өндіретін өнімнің көрші елдердің нарығына шығуын қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы келісті.

Айта кетейік, соңғы жылдары Carlsberg Kazakhstan Қазақстанның ең ірі 50 салық төлеушісінің қатарына кіріп, елдің сусындар индустриясына 213 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Ағымдағы жылдың сәуір айында даниялық компания Алматы қаласында құны 50 млн АҚШ доллары болатын жаңа өндіріс ашты. Зауытты іске қосу Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Беларусь елдеріне экспорттау үшін қосымша мүмкіндіктер жасай отырып, Қазақстан нарығының қажеттіліктері үшін сыра қайнату және алкогольсіз өнімдерді 100% оқшаулауды қамтамасыз етуге ықпал етеді. Carlsberg Kazakhstan Алматы қаласында өндірістің 600-ге жуық қызметкерін және Қазақстан өңірлерінде өңірлік хаб пен дистрибьюторлық компаниялардың 2000-нан астам қызметкерін жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: