11.07.2025
15:15
3089
Қазақстанда алимент ережелері жеңілдетілді

Қазақстанда алимент ережелері жеңілдетілді

Қазақстанда алимент төлеу тәртібіне қатысты заңнамалық нормалар қайта қаралып, жетілдірілді. Бұған бір азаматтың Конституциялық сотқа жүгінуі себеп болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сотқа жүгінген азамат өтінішінде алимент мөлшерін есептеу кезінде оның қаржылық жағдайының нашарлауы ескерілмегенін алға тартқан. Бұған дейін соттар алимент сомасын төмендетуге келіспей, Жоғарғы соттың нормативтік қаулысын алға тартқан.

Құқықтық қайшылық жойылды

Мәселен, бұрынғы құжатта табыстың төмендеуі алимент сомасын азайтуға негіз болмайды деп көрсетілген. Алайда Қазақстанның Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінде табыстың төмендеуі алимент төлемдерін қайта қарау үшін заңды негіз ретінде қарастырылатыны нақты жазылған.

Бұл қайшылық Конституциялық соттың қарауында сараланып, нәтижесінде заңнамадағы олқылықтар анықталды. Жоғарғы сот даулы норманы өз қаулысынан алып тастады, ал Үкіметке алимент өндіріп алу механизмін жетілдіру жөнінде ұсыныс берілді.

Алимент төлеушілер үшін қандай өзгерістер бар?

Енді алимент сомасын азайту туралы істерді қарау кезінде сот міндетті түрде мына жағдайларды ескеруге тиіс:

  • Жұмыссыз қалу немесе жалақы мөлшерінің азаюы;
  • Жалпы материалдық жағдайдың нашарлауы;
  • Алимент төлеушінің отбасылық жағдайындағы өзгерістер.

Бұрын алимент төлеушінің қаржылық қиындықтары ескерілмейтін еді, бірақ қолданыстағы кодекс мұндай өзгерістерді заңды негіз ретінде қарастыруды талап етеді.

Қазақстандағы алимент мөлшері қандай?

Ата-аналар өзара келісімге келмеген жағдайда, алимент мөлшері сот арқылы белгіленеді:

  • Бір балаға – табыстың төрттен бірі;
  • Екі балаға – табыстың үштен бірі;
  • Үш және одан да көп балаға – табыстың немесе басқа да кірістің жартысы.

Мамандардың айтуынша, алимент тек ақшалай төлемдермен шектелмейді. Кей жағдайларда алимент мүлікпен немесе басқа материалдық қамтамасыз ету түрінде де берілуі мүмкін.