10.02.2026
11:02
1133
Қазақстанда әлі күнге дейін утилизация пункттері жоқ: министрлік не дейді?

Қазақстанда әлі күнге дейін утилизация пункттері жоқ: министрлік не дейді?

Екі жыл бұрын Экология министрлігі ескі көліктерді қайта өңдеу бағдарламасын жариялаған еді. Алайда осы уақытқа дейін Қазақстанда пайдаланудан шыққан автокөліктерді тапсыратын нақты утилизация пункттері іске қосылған жоқ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қолданыстағы ережеге сәйкес, көліктерді қайта өңдеу «Жасыл даму» АҚ-мен келісімшартқа отырған кәсіпорындар арқылы жүзеге асуы тиіс. Бұл жайтқа қатысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі Tengri Auto-ға жауап берген.

Оқи отырыңыз:

Қайта өңдеушілер әлі анықталмаған

Министрліктің жауабына сәйкес, утилизациялық алымнан түскен қаражат өндірушілер мен импорттаушылардан кеңейтілген өндіруші міндеттемелері операторы – «Жасыл даму» АҚ-ның банк шотына аударылады. Қазіргі таңда Қазақстанда осы жүйені іске асыруға жауапты негізгі ұйым – дәл осы «Жасыл даму».

Ведомство мәліметінше, пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын қабылдау процесі қайта өңдеуші кәсіпорындар анықталып, олармен келісімшарт жасалғаннан кейін ғана басталады.

Анықтама:

ВЭТС – пайдаланудан шыққан көлік құралдары,

ВЭССХТ – пайдаланудан шыққан өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы.

Бұл дегеніміз – автокөліктерді нақты қабылдау тек утилизациямен айналысатын кәсіпорындар іріктеліп, олармен келісімдер бекітілген соң ғана жүзеге асады деген сөз. Алайда министрлік әзірге бірде-бір қайта өңдеушімен келісімшарт жасалмағанын хабарлады. Бұған ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сай келмеуі себеп болған.

Қай компаниялар қайта өңдеуші бола алады?

Министрлік түсіндіруінше, бағдарламаға қара металлды қайта өңдеумен айналысатын барлық компания қатыса алады. Бір ғана кәсіпорынның монополиясына жол берілмейді.

Қайта өңдеуші болу үшін компания:

ВЭТС және (немесе) ВЭССХТ-ны утилизациялау бойынша келісімшарт жасасуға өтінім беруі;

қажетті құжаттар топтамасын ұсынуы;

Қазақстанда тіркелген заңды тұлға болуы;

металл сынықтарын жинау, сақтау және өңдеу қызметіне екінші санаттағы рұқсат құжатын алуы;

техниканы қабылдау және уақытша сақтау үшін жабдықталған пунктке (меншік құқығында немесе заңды негізде) ие болуы тиіс.

Келісімшарттар жасалғаннан кейін ел аумағында көлік қабылдау пункттері нақты анықталмақ.

Утилизация үшін қанша қаражат беріледі?

Ескі көлік иелеріне тікелей ақшалай төлем қарастырылмаған. Оның орнына жаңа техника немесе көлік сатып алуға арналған жеңілдік сертификаты ұсынылады. Сертификат мөлшері көлік санатына қарай белгіленген:

жеңіл автокөліктер (М1) – 315 000 теңге;

5 тоннаға дейінгі шағын автобустар (М2) – 550 000 теңге;

5 тоннадан жоғары автобустар (М3) – 750 000 теңге;

3,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері (N1) – 550 000 теңге;

3,5-12 тонна аралығындағы жүк көліктері (N2) – 550 000 теңге;

12 тоннадан жоғары жүк көліктері (N3) – 750 000 теңге;

тракторлар – 560 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге дейін;

комбайндар – 1 500 000 теңгеден 2 000 000 теңгеге дейін.

Бұған дейін VIP-нөмірлерді онлайн алуға болатыны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар қазақстандық автокөліктер Еуропа нарығына шығуы мүмкін екендігі туралы да айтылды.

Ал Қазақстан азаматтары халықаралық жүргізуші куәлігін қалай алатыны туралы мына сілтеме арқылы біле аласыз.