Қазақстанда алғашқы инклюзивті білім беру орталығы ашылды

10 Мамыр 2023, 15:13 1845

Еліміздегі жоғары оқу орындары білім беру жүйесін өзгерте отырып, инклюзивті білім беруді дамытуға көшті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматыда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің штаттан тыс кеңесшісі Таңсәуле Серіковтың бастамасымен Қ.Сәтбаев атындағы Университет ректоры Мейрам Бегентаевтың және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Инклюзивті білім беру орталығы ашылды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Сәтбаев Университеті баршаға қолжетімді орта қалыптастыру жөніндегі бағдарламаны алғашқылардың бірі болып іске асырып бастады.

Орталықтың мақсаты – есту және көру қабілеті төмен студенттердің, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты жағынан аурулары бар және басқа да ерекше қажеттіліктері бар студенттердің толыққанды білім алуына жағдай жасау. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытудағы проблемаларды шешуге және жоғары оқу орындарында осындай жандардың әлеуметтік жағдайына қарамастан жоғары білікті маман болып шығуын қамтамасыз етуге көмектесетін елімізде теңдесі жоқ алғашқы орталық болып отыр.

Сапалы өмір салтын қалыптастыру үшін, адам алдымен сапалы білім алуы керек, деген Таңсәуле Серіков орталықтың ашылуында:

Жоғары білімді қолжетімді ету үшін біз Сәтбаев Университетін таңдадық, себебі бұл Ұлттық университет цифрландыруды бастаушылардың бірі. Оның үстіне бұл техникалық университет. Техникалық ғылымдарды қолжетімді етіп алсақ, гуманитарлық ғылымдарды қолжетімді ету оңайырақ болады, - деп, неліктен техникалық жоғары оқу орнын таңдағандарын айтып өтті.

Шара аясында Тель-Авив университетінің достар қауымдастығымен бірлескен «Tikkun Olam Makers: Almaty» әлеуметтік мейкатоны іске қосылды. Tikkun Olam Makers – мүмкіндігі шектеулі жандар мен өнертапқыштарды біріктіретін жаһандық бастама, олар ұтқырлық пен ақпарат алмасу мәселелерін шешеді.

Бір ай ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысынан келген жеті команда нақты адамдардың әртүрлі мәселелерін шешумен айналысады. Мейкатонның алғашқы күні командалар мүгедектермен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын талқылады. Кездесудің соңында командалар өз ойларын ортаға салып, идеяларымен таныстырды. Маусым айында осы салаға қатысты үздік идеяларды жүзеге асыру үшін 72 сағаттық марафон өтетіні айтылды.

Іс-шара соңында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға сапалы білім беру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған қатысушылар Қазақстан аумағында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру бойынша алдағы жұмыстардың жоспарын белгіледі.

Қатысушылардың пікірінше, бұл жұмысты үнемі және жүйелі түрде жүргізіп отыру керек. Қоғамның санасын жастайынан бастап өзгертіп отыру маңызды. Қолда бар барлық әзірлемелерді кеңінен пайдалану, ең бастысы алға қойылған бастамаларды қолдау – Қазақстанның алға қадам басуына және шынайы теңдігін қамтамасыз етуге көмектесетін болады.

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: