Қазақстанда ел тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент кулуарында сенатор Марат Қожаев мәлімдеді. Оның айтуынша, амнистия ауқымы кең болғанымен, нақты қандай құқық бұзушылықтар мен азаматтар санаты оған ілігетіні әзірге белгісіз.
Қожаев әкімшілік құқық тек жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе ұсақ бұзақылықпен шектелмейтінін атап өтті.
Көпшілік «әкімшілік құқық бұзушылықтар» дегенде тек ұсақ бұзақылықты ойлайды. Бірақ бізде экологиялық заңнама бар, тыныштықты бұзу, тұрмыстық деңгейдегі түрлі құқық бұзушылықтар, сондай-ақ салық саласы бойынша заң бұзушылықтар да осы санатқа жатады, – деді ол.
Сенатордың айтуынша, қазіргі уақытта амнистия нақты қай санаттарға қолданылатынын айту ерте.
Ол сондай-ақ бұл бастаманы мемлекет тарапынан жасалатын гуманизм актісі деп атады.
Бұл – гуманизм мен адамгершілік актісі. Мемлекет қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтарды ішінара кешіруі мүмкін. Мұндай тәжірибе әлемде бар, – деді Қожаев.
Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Саденов әкімшілік амнистия аясында жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын. Қандай азаматтар санаты қамтылатыны, айыппұлдарды есептен шығару тәртібі мен көлемі заң жобасын әзірлеу барысында нақтыланады.
Әкімшілік амнистия бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған. Тиісті заң жобасын Парламент биылғы сессияның соңына дейін қабылдауы мүмкін.
Қазіргі таңда: амнистияға қатысты нақты тізім әлі бекітілмеген, талқылау жалғасып жатыр.