30.10.2025
21:41
424
Қазақстанда алғашқы агроклиматтық көміртекті полигон ашылды

Қазақстанда алғашқы агроклиматтық көміртекті полигон ашылды

Жаһандық климаттың өзгеруі және парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелер аясында Қазақстанда аграрлық секторды дамытудың жаңа бағыты – көміртекті егіншілік бастау алды, деп жазады El.kz интернет порталы.

Осы мақсатта 2025 жылғы 30 қазанда ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы алғашқы агроклиматтық көміртекті полигон – “KAZ AGRO CARBON” жобасын іске қосты. Полигон А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының базасында құрылып, серіктес ретінде Ресей ғылым академиясының Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығы қатысқан.

Жаңа ғылыми нысан экожүйелердің жағдайын жыл бойы бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен қамтылды. Мұнда топырақтағы көміртегі теңгерімін, CO₂ және CH₄ ағындарын өлшейтін құрылғылар, сондай-ақ температура, ылғалдылық және жауын-шашынды тіркейтін метеорологиялық бекеттер орнатылған.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның көміртекті секвестрлеу әлеуеті жылына 535 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Көміртекті офсеттер саудасы ел экономикасына жыл сайын 25 млрд доллар тартуға жол ашатыны атап өтілді. Полигон фермерлер үшін тәжірибелік алаңға айналып, жиналған көміртегіні сертификаттау және квоталау жүйесіне қатысуға мүмкіндік берді.

Ашылу барысында өткен көшпелі кеңесте көміртекті егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер мен полигонның стратегиялық бағыттары талқыланды. ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақан Күрішбаев Қазақстанның климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және көміртегі бейтараптығына жету міндеттерін жүзеге асыруда бұл жобаның маңызы зор екенін атап өтті.

Ресейлік ғалымдар мен мамандар екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін және ортақ зерттеу алаңының болашақ климаттық бастамаларға серпін беретінін айтты.

Ашылу рәсіміне Қазақстан мен Ресейдің ғылыми орталықтарының өкілдері, халықаралық сарапшылар, ФАО мамандары, фермерлер мен агроөнеркәсіп саласының өкілдері қатысты. Нәтижесінде “KAZ AGRO CARBON” полигоны Қазақстанда көміртегі бірліктерін сертификаттау мен квоталау жүйесін дамытудағы басты орталыққа айналып, елдің көміртегі нарығын қалыптастыруға және халықаралық климаттық жобаларға қатысуына негіз қалады.