08.08.2025
20:30
592
Қазақстанда алғаш рет раку-күйдіру техникасы үйретілді

Қазақстанда алғаш рет раку-күйдіру техникасы үйретілді

Бүгін Астанада халықаралық керамика интенсивінің қорытынды іс-шарасы – дәстүрлі раку-күйдіру рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Интенсив 3-10 тамыз аралығында ұйымдастырылған, оған Қазақстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген қатысушылар қатысуда. Апталық бағдарлама аясында шеберлік сабақтарын Түркиядан арнайы шақырылған қонақ – ЮНЕСКО-ның тірі мұрасы, әлемге танымал керамист, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең үлкен вазаны жасағаны үшін енген Ахмет Ташхомджу жүргізуде.

Қатысушылар бір апта бойы дәстүрлі керамикалық өнердің терең әдістерін меңгеріп, соңғы күні өз жұмыстарын ұсынды. Шараның басты ерекшелігі – Жапониядан бастау алатын раку-күйдіру техникасы. Бұл әдісте ыстық пештен жаңа шыққан саз бұйымдары ағаш үгіндісі немесе шөпке салынып, от пен түтіннің ықпалымен ерекше өрнекке ие болады. Халықаралық интенсив KARLYGASH GONCHAR шеберханасының негізін қалаушы, керамист-художник Қарлығаш Оралбаеваның бастамасымен ұйымдастырылды. Ол Ахмет Ташхомджудың Францияда өтетін халықаралық жарысқа және Түркиядағы фестивальге ресми шақыруына ие болған.

Ахмет ұстамен таныстығым бірнеше жыл бұрын басталды. Бір халықаралық көрмеде менің жұмысымды көріп, Түркиядағы беделді фестивальге шақырды. Кейін ол Франциядағы жарысқа да жолдама берді, сол жерде үшінші орын алып келдім. Биыл өзімнің шеберханама Астанаға шақырып, елімізде бұрын болмаған раку-күйдіру рәсімін өткізуді ұйғардым. Бұл техниканы Қазақстанда ешкім меңгермеген, өйткені ол негізінен Жапония, Қытай және Түркияда қолданылады. Сол себепті еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті Әзербайжан, Қырғызстан, Ресейден шеберлер келіп, бірегей әдісті үйреніп жатыр. Мен үшін ең басты мақсат – қыш өнерін Қазақстанда дамыту және халықаралық деңгейге шығару, – деді Қарлығаш Оралбаева.

Ал Ахмет Ташхомджу Қазақстанда алғаш рет Қарлығаштың шеберханасында дәріс өткізіп отырғанын атап өтті.

Қарлығашпен екі жыл бұрын таныстық. Мен үшін ол тек әріптес емес, қызымдай. Әдетте, он шақты жиналған адамға сабақ бермеймін, бірақ бұл жолы Қарлығашты қолдау үшін арнайы келдім. Раку-күйдіру әдісін Қазақстанда алғаш рет үйретіп жатырмыз. Бұл техника Еуропада кең тарағанымен, Ресей мен Қазақстанда сирек кездеседі. Бүгін матраку әдісін де бастап көрсетіп жатырмын, оған жеті түрлі элемент қолданылады. Негізгі сиқыры – бұйымдар пештен шыққанда басталады. Сол сәтте өрнектер мен түстер өздігінен пайда болып, керамикаға қайталанбас сипат береді. Оның нәтижесін ертең көреміз, – деді түрік шебері.

Шара қазақстандық шығармашылық қауымдастық үшін ғана емес, халықаралық мәдени байланыстың дамуына да үлес қосатын маңызды бастама ретінде бағалануда. Сонымен қатар, бұл – елімізде бұрын-соңды ұйымдастырылмаған форматтағы раку-күйдіру рәсімін көруге мүмкіндік берді.