29.10.2025
21:35
407
Қазақстанда алғаш рет өткен Президент кубогінің жеңімпаздары анықталды

Қазақстанда алғаш рет өткен Президент кубогінің жеңімпаздары анықталды

Астанада алғаш рет өткен үстел теннисінен ҚР Президентінің ашық кубогі өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған айтулы турнирге әлемнің 14 елінен 300-ден астам спортшы қатысып, үздіктер анықталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталының тілшісі.

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған үстел теннисінен президенттің ашық кубогі бес күн бойы жанкүйерлерге тартысты ойын мен жоғары деңгейдегі ұйымдастыруды паш етті. Турнирге ITTF рейтингіндегі үздік ойыншылар да қатысып, жеке және командалық есепте бақ сынады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 115 000 АҚШ долларды құрады.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Жарыстың ең әсерлі сәттерінің бірі әлемдік теннистің аңыздары Сюй Синь (Қытай), Фан Бо(Қытай), Вернер Шлагер (Австрия) және Джу Се Хёк (Корея) қатысқан шоу-матч болды. Бұл көрініс спортсүйер қауымға ұмытылмас әсер қалдырды.  Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев турнирдің қорытындысы туралы өз пікірін білдірді.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Бүгін біз елімізде алғаш рет ұйымдастырылған үстел теннисінен президент кубогінің қорытынды сәтіне куә болып отырмыз. Бес күн бойы Астанада қызықты әрі тартысты ойындар өтті. Барлығы 14 елден 300-ге жуық спортшы келді. Бұл – еліміздегі үстел теннисінің дамуына үлкен серпін беретін шара, – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, турнир барысында U-11, U-16 және ересектер арасындағы финалдық кезеңдер өтті. Жасөспірімдер арасындағы жеңімпаздарға 5 мың доллар, ал ересектер арасында 10 мың доллар көлемінде жүлде тағайындалған.

Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ

Биыл алғаш рет өткізіліп отырған бұл жарыс тәжірибе мен дайындықтың тамаша мектебі болды. Себебі 2027 жылы Астанада үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді. Бұл турнир – соған дайындықтың бір бөлігі, – деді Жарасбаев.

Турнирдің ашылуымен жабылуына қатысқан Халықаралық үстел теннисі федерациясының Бас хатшысы Рауль Калин Қазақстандағы ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады:

Ұйымдастыру комитетінің кәсібилігі мен ұқыптылығы ерекше. Астанадағы турнир кереметдеңгейде өтті. Азия үстел теннисінде жетекші аймақ болса, Қазақстанда өз орнын анықтап, жаңа спорттық держава ретінде танылып келеді, – деді ол.

Nomad TableTennis Academy директоры Руслан Жетубаев бұл турнирдің ел спорты үшін тарихи маңызын атап өтті.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Бұл – еліміздің үстел теннисі тарихындағы ерекше белес. Халықаралық қатысушылар мен делегаттар ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады, – деді ол.

Руслан Жетубаев алдағы уақытта бұл турнирді жыл сайынғы дәстүрлі жарысқа айналдыру жоспарланып отырғанын айтты.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қазақстанда үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Біз кәсіби спортшылар санын арттырып, бұл спортты бұқаралық деңгейге жеткізуді көздейміз, – деді академия басшысы.

Жарысқа қатысып, I орын иеленген жас спортшы Шохина Ммркодирова өз әсерімен бөлісті.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Үстел теннисімен айналысып жүргеніме  төрт жыл болды. Бұл – менің алғашқы ең маңызды жарыстарымның бірі. Финалда Томирис Темірқызы мен кездесіп, 3:2 есебімен тартысты ойнадым. Мен үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Арманым олимпиада және Азия чемпионаттарында ел намысын қорғау, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық біріншілікте I орын (15 000 $) – Ресей Федерациясынан келген Владимир Сидоренко, Максим Гребнев, Элизабет Абраамян еншіледі.

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Ал жекелей сында әйелдер арасынан (17+)  I орынды (10 000$) Ресейден келген Элизабет Абраамян алды. Сондай-ақ жасөспірімдер санатындағы жеңімпаздар: Ұлдар арасынан(U-11) бойынша: I орын Рамазан Рауанұлы (ШҚО) – 5 000 $ 

Қыздар арасынан (U-11): I орын Шохина Миркодирова (Шымкент) – 5 000 $

Жасөспірімдер арасынан (U-16) бойынша: I орын Әліби Шоманов (ШҚО) – 5 000 $

El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қыздар арасынан (U-16) бойынша: Мария Лукьянова (Қарағанды обл.) – 5 000 $

El.kz/Арман МҰХАТОВ