18.02.2026
17:00
1086
Қазақстанда алғаш рет мұғалімдерге арналған AI форум өтті

Қазақстанда алғаш рет мұғалімдерге арналған AI форум өтті

Астанада мектеп басқару жүйесін жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды алаң – жасанды интеллектті енгізуге арналған мектеп директорларының Бірінші республикалық форумы өтті. Басқосуда мемлекеттік органдар өкілдері, EdTech саласының мамандары мен педагогикалық қауымдастық AI дәуіріндегі білім ұйымдарын басқарудың нақты стратегияларын тәжірибе мен кейстер арқылы талқылады. Форумға 250-ден астам қатысушы және 10-нан аса қазақстандық әрі халықаралық спикер жиналды.

Оқи отырыңыз:

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Тұрғанбайқызы Мелдебекова жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарына жасанды интеллектті қолдану бойынша ережелер ұсынылғанын айтты. Оның сөзінше, құжаттардың негізгі мақсаты – технологияны шектеу емес, оны сауатты пайдаланудың мәдениетін қалыптастыру.

2025-2026 оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарына AI қолдану бойынша ұсыныстар бердік. Онда этикалық нормалар, академиялық адалдық, бағалау жүйесінде қолдану, сабақтағы контентті түрлендіру, үй тапсырмасын орындау және оқушы қолданған AI-ды мұғалімнің қалай бағалауы керектігі қамтылған. Жасанды интеллект дайын жауап бере алады, бірақ ол тек құрал. Оқушы да, мұғалім де оның дұрыс-бұрысын саралай білуі керек. Ең маңыздысы – оны баланың когнитивті қабілетін дамытуға пайдалану, – деді ол.

Диана Орынбасар 

Министрлік ұсынған тәсілдің басты ерекшелігі – жасанды интеллектті тек техникалық жаңалық ретінде емес, оқу процесінің бір бөлігіне айналдыру. Яғни технология сабақтағы контентті түрлендіру, бағалау жүйесін жаңарту және кері байланысты ұйымдастыру құралы ретінде қарастырылады. Форум барысында бұл идея мектеп деңгейінде қалай жүзеге асатыны нақты тәжірибелер арқылы көрсетілді.

Астана қаласындағы №97 мектеп директоры Замзагүл Қиянова білім беру ұйымдары үшін басты міндет – технологияны бақылаусыз қолдануға жол бермеу, керісінше, оны тәрбиелік және тілдік орта қалыптастыруға бағыттау екенін айтты.

Мақсатымыз – AI-ді дұрыс бағытқа енгізу. Біз Халықаралық қазақ тілі қоғамымен бірлесіп бірнеше мектепте «Тәп-тәтті ертегі» жобасын бастағалы отырмыз. Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарымен бірге ертегі құрастырып, кейін оны жасанды интеллект арқылы мультфильмге айналдырады. Осы арқылы қазақ тіліндегі тәрбиелік контент көбейеді әрі балалар технологияны дұрыс қолдануды үйренеді, – деді мектеп басшысы.

Диана Орынбасар

Оның айтуынша, мектепте арнайы үйірмелер ашылып, оқушылар қазірдің өзінде AI көмегімен бейне, дыбыс және мультфильм құрастыра алады. Тіпті түрлі іс-шараларда цифрлық кейіпкерлерді сөйлетуге дейін жеткен. Сондықтан педагогтер ең алдымен технологияны өздері меңгеруі тиіс.

Балалар бізден бұрын үйреніп жатыр. Сондықтан ұстаздар алдымен өздері үйреніп, оны білім мен тәрбиеге бағыттауы керек. Жасанды интеллектіні тыймай, дұрыс арнаға бұру – мектептің міндеті, – деді ол.

Вице-министр қазіргі таңда әлемдік білім беру жүйесі дәл осы мәселемен бетпе-бет тұрғанын атап өтті. Сондықтан толық тыйым салу емес, дұрыс енгізу негізгі мақсат екенін жеткізді. Сондай-ақ Мәжілісте мұғалімдердің әлеуметтік желі жүргізуі мен артық есептілікті қысқарту туралы талқыланып жатқан заң жобасына қатысты пікір білдіріп, құжат әзірге талқылау сатысында екенін айтты.

Диана Орынбасар

Форум қорытындысында қатысушылар білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізу, мұғалімдерді оқыту, бағалау жүйесін бейімдеу және ұлттық мазмұндағы цифрлық контентті көбейту басты бағыт болатынын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, AI мектепті алмастырмайды, керісінше, мұғалімнің уақытын үнемдеп, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Біз бұған дейін  ЖИ-ді білім беру саласына енгізудің пайдасы мен қауіпі туралы жазған едік.