Қазақстанда алған білім мен тәжірибе өз пайдасын тигізді – режиссер

28 Наурыз 2023, 11:36 6032

Режиссер – кадр сыртындағы адам. Олар басқару пультінде, камераның немесе журналистің артында отырады. Олар әдетте көзге көрінбейді. Себебі олар адамдармен осылай сақтықпен жұмыс істеуге дағдыланған жандар.

Бүгін біз танымал деректі фильмдер режиссері, ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, қазіргі кезде Венгрияда тұратын Жанар Жұмабаевамен болған эксклюзивті сұхбатты ұсынамыз.

– Жанар Жеңісқызы, онлайн сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Алғашқы сауалым мынадай, режиссер үшін Венгрияда тұрып, жұмыс істеу қиын емес пе, қазір Мажарстанда қандай жобалармен айналысып жүрсіз?

– Алдымен айтарым, кез келген мамандық иесінің тұрғылықты жерін басқа елге, ділі мен тілі басқа жерге ауыстыруы өмір сүруді қайтадан басынан бастағанмен бірдей. Біліміңді, жетістіктеріңді, марапаттарыңды, тіпті жұмыс тәжірибеңді де жаңадан бастап дамытуың керек.

Ал менің жағдайыма келетін болсақ, тұрмысқа шығуыма байланысты Мажарстанға көшіп келдім. Режиссер үшін барлық жерде өмір сүру қызық, жаңа ақпараттар көп, басқа мәдениет пен тарихпен танысасыз дегендей. Жалпы тұрмысым қиын емес, мадиярлар өте бауырмал халық, олар қыпшақ текті, қазаққа деген қарым-қатынасы өте жақсы.

Маған басқа өмір салтына үйрену басында қиынға соқты, себебі бар уақытты ұлыммен өткізуім керек, баланы біраз уақытқа қалдыруға әжесі болмағандықтан, түсірілімге барып-келе қоюға мүмкіндік жоқ. Алғашқы жылдары аздап қиын болды, бірақ жылына бірнеше рет Қазақстанға ұшып барып-қайтуға мүмкіндігім бар. Сондай кезеңдерде Астанада жобалар қабылдаймын, деректі фильмдер түсіремін.

Мажарстанда мен осында өтіп жатқан Құрылтай туралы телеарналардағы фильмдер мен сюжеттердің түсірілімін ұйымдастырамын. Бұл ғұн және түркі елдері тайпаларының жиыны, онда Еуропа халықтарының мәдениеті мен дәстүрі таныстырылады. Ұлым әлі кішкентай болғандықтан, жобаларым қазір көп емес. Онлайн түрде сценаристерге және Қазақстанның көрнекті қайраткерлері туралы деректі фильмдерді монтаждауға кеңес беремін. Мен онда бейнекадрлар тізбегін таңдауға және ойлап табуға көмектесемін және қандай архив материалдарын қолдануға болатынын ұсынамын.

– Қазақстанда алған білім мен тәжірибеңіз Венгрияда пайдалы болды ма?

– Қазақстанда алған білім мен тәжірибе өз пайдасын тигізді және әлі де тигізетіні сөзсіз. Және олар менің мадиярлар елімен танысуымда шешуші рөл атқарды. Алғаш рет Мажарстанға Құрылтайдың ресми делегациясы құрамында келдім. Режиссер ретінде осы айтулы оқиғаны бейнетаспаға түсіріп, насихаттадым. Сол Құрылтайда болашақ күйеуімді кездестірдім. Қазақстанға келгеннен кейін мен мадиярлар мен олардың атасы Атилланың тарихын зерттеуге кірістім. Түркі әлемі туралы көп түсіргендіктен мадиярлардың бізге өте жақын екенін бұрыннан білетінмін. Олардың да киіз үйлері бар, жылқы мен еркіндікті жақсы көреді. Киізден бұйымдар жасайды, ою-өрнектеріміз де ұқсас.

Мәдениеттердің бұл жақындығы мажарға үйлену туралы шешім қабылдағанда да маңызды болды. Қазір еуропалық режиссерлердің фильмдерін көріп, саяси өмірдегі материалдардың көрсетілуін қызығушылықпен қадағалаймын.

– Бұған дейін ҚР Президентінің Телерадиокешені сынды беделді де абройлы мекемеде қызмет еттіңіз, ал қазір қайда жұмыс істейсіз?

– Иә, мен Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінде 2000 жылдан 2021 жылға дейін жұмыс істедім. Бірақ менің теле және деректі фильмдерге деген махаббатым одан да ерте туды, 1997-2000 жылдар аралығында «Хабар» агенттігінің орталық аппаратында жұмыс істедім. Ақмола қаласында. Ал ол жерде мен нағыз мамандардың кәсіби мектебінен өттім. Олар маған мамандықтың қыр-сырын, табандылық пен жауапкершілікті үйретті. Менің тәлімгерлерім Тұрсын Идирисова, Махат Садық, Сергей Пономарев, Сайын Есмағи, Хасен Омарқұлов, Еділ Ермекбаев, Роза Темірғалиева болды.

Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының деректі және көркем фильмдер мамандығына оқуға түсіп, Президент Телерадиокешеніне жұмысқа орналастым. Маған еліміздегі дәуірлік, айтулы оқиғалар кезеңінде жұмыс істеу бақыты бұйырды.

Мемлекет басшысының қызметін қамтып, ел мен халық туралы имидждік фильмдер түсіре отырып, көптеген адамдармен кездесіп, сұхбаттастым, сценарий бойынша неше түрлі ақпарат алып, өңдедім.

Телерадиокешен ұжымы сол кезде де, қазір де нағыз кәсіби мамандардан, өз кәсібіне берілген адамдардан тұрады. Режиссердің жұмысы ұжымдық жұмыс және біз әрқашан өзімізге жүктелген міндеттерді орындадық.

Қазіргі уақытта мен фрилансермін, ұйымдардың немесе жеке адамдардың тапсырысы бойынша жобалармен айналысамын. Бірақ ұлым өсіп келеді, енді менің сүйікті ісіммен қайта айналысуға мүмкіндігім бар деуге болады.

– Қазіргі кезде немен және нақты қандай жобамен айналысып жүрсіз?

– Қазіргі уақытта болашақ фильмдердің сценарийлерін әзірлеп жатырмын, олар түріктер мен ғұндардың тарихымен байланысты. Сонымен қатар 2024 жылы Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жобасын да қолға алдым.

– Сіз тек деректі фильмдер түсірумен ғана айналысасыз ба әлде біз білмейтін басқа да қызық кәсібіңіз бар ма?

– Негізгі қызметім – деректі фильмдер түсіру, бірақ қазір интернет-дүкендегі маркетингпен де айналысамын. Жаңа әрекеттер жаңа нейтрондық байланыстарды тудырады және адамға оның көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан мен ешқашан жаңа ұсыныстар мен жобалардан бас тартпаймын.

– Өзіңіз туралы толығырақ айтып өтсеңіз, негізгі мамандығыңыз қандай?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, менің негізгі мамандығым – деректі және көркем фильмдердің режиссері. Бірақ менің педагогикалық та білімім бар, ол да маған өмірде көмектесті.

Мен Ақмола облысының Сабынды деген ауылында дүниеге келгенмін. Сол жердегі орта мектепті үздік бітірдім. Атам Төлен Жұмабаев тың игеру жылдарында «Коммунизм жолы» кеңшарының төрағасы болды. Төлен ата мен Бикен Сүлейманова әжем соғысқа дейін-ақ жоғары білім алып, еңбек ері атанып, көптеген марапаттарға, соның ішінде Еңбек Ерінің жұлдызына ие болған. Олар облысқа, республикаға сыйлы адамдар еді. Менің әкем Жеңіс Жұмабаев Ақмолада тұрып, қазақ мектебінде оқыған. Ол белгілі журналист Дүкеш Бәйімбетовпен бірге мектептің радиоторабын жүргізді. Ал әкем мектептен кейін мамандық алып, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінен жіңішке таспалы фильмді көрсетуші деген куәлік алған болатын. Сондықтан менің мамандық таңдауым да кездейсоқ емес шығар.

Еңбек жолымды теледидарда бейнеинженер болып бастадым. Содан кейін монтаж режиссері бола жүріп, режиссер болуды үйрендім. Менің жолым болғыш десем болады, өмірімде өз білімі мен тәжірибесімен бөліскен адамдар көп болды.

Өнер академиясында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Владимир Пантелеевич Татенконың шеберханасында оқыдым. Ол 1956 жылдан журналистика саласында, 1969 жылы ВГИК-ті бітірген. Мен де 2005 жылы Мәскеудегі Телерадио хабарларын тарату институтында біліктілігімді арттырып, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері Борис Соломонович Капланның тәлімгері болдым.

ҚР Президентінің Телерадиокешеніндегі жұмысым өте жауапты болды, себебі онда мемлекет басшыларының қатысуымен түсірілімдер, тікелей эфирлер мен маңызды мемлекеттік шаралар көп болды. Мен Ақордада көпкамералы түсірілім жұмыстарын, ПТС (жылжымалы техникалық станциялар) арқылы жергілікті жерде де түсірілімдер жүргіздім, мемлекет басшысының ресми сапарларын көрсету үшін облыстарға, басқа елдерге ұшып жүрдім.

Жұмыстың өмір салтына қоятын талаптары болады, 24/7 дайын болу, түрлі іс-сапарларға байланысты бірнеше күн монтаж студиясынан шықпай, туыстарды көрмей жұмыс істеген күндеріміз болды. Бірақ мен өзімнің сүйікті ісіммен айналыстым және мамандығым маған іске асыруға көптеген мүмкіндіктер берді.

– Жанар ханым, фильм түсіру кезінде жұмыс бабымен бірнеше елге бардыңыз. Қазақстан мен Орталық Азияның кино өнері Еуропадан несімен ерекшеленеді? Нақтырақ айтсақ, олар деректі фильмдерді қалай түсіреді?

- Режиссер мамандығы маған фильмдермен жұмыс істеу барысында және түсіру үшін көптеген елдерді аралауға мүмкіндік берді. Түсірілім тобымен АҚШ, Сауд Арабиясы – Мекке мен Мәдина, Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланды, Германия, Дания, Польша, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай, Түркия, Тәжікстан және басқа елдерде болдым.

Кино бізді біріктіреді және басқа халықтардың мәдениетін зерттеуге көмектеседі. Бірақ, әрине, адамдардың менталитеті халықтар кинематографиясында өз ізін қалдыратыны сөзсіз. Қазақстан мен Орталық Азияның деректі фильмдерінде оқиғаларды, ең лайықты адамдар мен өзекті салаларды көбірек көрсетуге бағытталатынын атап өткім келеді. Бізге батыр әрқашан керек және ол негізінен позитивті - ол біздің Шығыс қоғамының нормаларына сәйкес келеді. Режиссер адамдардың идеалдары мен санасын қалыптастырады, бұл көбінесе қалыптасқан саяси жүйемен байланысты.

Еуропада цензура жоқ және адамдар қоғамның бейнелері мен «пірлерін» жасау кезеңінен өтті. Мұнда адамның ішкі әлемі, рухани ізденістер мен өмірдегі орны туралы көбірек фильмдер түсіріледі.

Венгрия кинематографиясы несімен қызық? Бір қызығы, бұл шағын елдің, ерекше ұлттың дүниетанымы еді. Кішкентай ел осы шақта өмір сүруге, болмыстың өзін жоғары бағалауға мәжбүр, сондықтан оның мәдениеті белгілі бір қауымдастықтың өмір сүру тақырыбына және адамдағы жеке принциптің байлығына бағытталған.

1970 жылдары социологиялық деректану (деректі-ойын стилі) стилі танымал болды. Ол «Bela Balaž» эксперименталды студиясының қызметі нәтижесінде пайда болды. Ол «Будапешт мектебі» ретінде де белгілі. Оның көп жылдар бойы жетекші тұлғасы Иштван Дардай болды. Жұбайы Дөрди Салаймен бірге ол драмалық жағдайларды шынайы кейіпкерлермен импровизациялық реконструкциялау әдісін қолдана отырып, күнделікті әлеуметтік бағыттағы оқиғаларды түсірді.

Нәтижесінде көрермен шынайы әлеуметтік драмаларды көріп, шындықтың әдеттен тыс, әлеуметтік терең суретін алды. Бұл деректі фильмдерді тамашалай отырып, сол кездегі құжатталған кадрларды көреміз. Қазақстанда деректі фильмдерде ойындық тәсілді пайдалана отырып реконструкцияны қолданатын мұндай стиль 2000 жылдардан кейін ғана пайда болды.

Мен олардың Еуропадағы мемлекет басшыларының қызметін қалай қамтитынын қарап, салыстырамын, бұл жерде елдің бірінші тұлғаларының имиджін жасау үшін мұндай міндеттер жоқ. Ел президенттері әлеуметтік желілерде үлкен командасыз тікелей эфирге шығады, көбінесе оны смартфонмен-ақ түсіре береді. Ал бұл халыққа жақынырақ, пафостың жоқтығы, қарапайымдылық халыққа жақындық сезімін береді және билік пен халықтың арасында кедергілердің жоқтығын білдіреді. Еуропада адамның рухани дамуы, қарапайым адамдардың өмірі, диқандар мен саяхаттар туралы фильмдер танымал.

– Венгриядағы немесе жалпы Еуропадағы қазақ диаспорасымен араласасыз ба?

– Мажарстанда қазақ диаспорасы көп емес, олар негізінен Будапештте тұрады. Соңғы жылдары олар еліміздің әртүрлі жоғары оқу орындарында «Stipendium Hungaricum» бағдарламасы бойынша білім алушылардың есебінен артты. Қазақстан Республикасының Елшілігі диаспорамен бірлесіп Венгриядағы қазақстандықтардың түрлі кездесулерін өткізіп тұрады. Мен мұндай іс-шараларға қатысуға тырысамын, бірақ мен Австрияға жақын шекара жақта тұратындықтан, күйеуім Венада жұмыс істейтіндіктен, 250 шақырым жерде орналасқан Будапештке бару әрдайым мүмкін емес.

Бірақ көп жылдардан бері Венгрияда тұрып жатқан, кейбір азаматтығын ауыстырып алған қазақстандықтармен қарым-қатынастамын, бір-бірімізге қонаққа барып тұрамыз. Екі жылда бір өтетін Құрылтайда Еуропаның басқа елдерінен келген қазақтарды көп кездестіремін. Әсіресе, қазақстандықтар мен өзге түркі халықтарының өкілдері тамыз айында Венгрияға келіп, жерлестерін көріп, ана тілдерінде мәдени бағдарламаны тамашалауға асығады.

– Қазақстанмен байланысыңыз бар ма. Қазақстанға оралып, тарихи Отаныңызға қызмет ету ойыңызда жоқ па?

– Менің үлкен ұлым Әбуәшім елде тұратындықтан Қазақстанмен байланыс үзілген жоқ. Ол әжесімен және менің әпкеммен тұрады. 2017 жылы Әбуәшім менімен бірге Венгрияға келді, тіпті осында оқуға да барды. Бірақ тұруға ықтиярхат өте ұзақ уақыт жасалғандықтан, визамыздың мерзімі өтіп, Астанаға оралдық. Ұл әзірше туған жерінде қалуды ұйғарып, қазір елордалық мектептің 8-сыныбында оқиды. Сондықтан Қазақстанмен байланысты үзбеймін, жаңалықтарды қадағалап отырамын, Қазақстанда тағыда фильмдер түсіруді жоспарлап отырмын.

Мен қазір Мажарстанда тұрамын, кіші ұлым Батыр Атилла Венгрия азаматы, қазір 5 жаста. Менің күйеуім, өз елінің нағыз патриоты, мадьяр Пал Чаба Буки менің отаныма көшуді жоспарлап отырған жоқ. Бірақ менің Астанада пәтерім бар, қажет болған жағдайда ұшып барып, керегінше сонда бола аламын, өйткені мен Қазақстан азаматымын. Мен әлі де Қазақстанға өз пайдамды тигізіп, тарихи Отаным туралы қызықты фильмдер түсіремін деп сенемін.

– «Мир в награду», «Назарбаев және түркі әлемі» сияқты бірқатар деректі фильмдер түсірдіңіз. Қанша Президентті түсіріп үлгердіңіз? Қазақстанның алғашқы Президентінің қатысуымен фильм түсіру қиын болған жоқ па?

– 25 жылға жуық уақыт ішінде 140-тан астам деректі фильм түсіріппін. Барлық фильмдер мемлекеттік арналардан көрсетілді. Бұл Қазақстан туралы, еліміздің Тұңғыш Президенті туралы, Қазақстанның аймақтары, кәсіпорындары мен халқы туралы, дәстүрлер мен мәдениеттер, мерекелер мен іс-шаралар туралы, Қазақстан Президентінің басқа елдерге ресми сапарлары мен саммиттер, сондай-ақ Ұлы Отанымыздың аймақтарына жасаған сапарлары туралы фильмдер.

Бірақ ең есте қалатыны, күрделісі және сонымен бірге қызықтысы – Мемлекет басшысының және басқа елдердің Президенттерінің қатысуымен түсірілген фильмдер.

Ақордаға ресми сапармен келген басқа елдердің президенттерін де түсірдім, олардың елдеріне сұхбат алу үшін арнайы сапарлар да болды. Мен көптеген мемлекет басшыларының протоколдық түсірілімдеріне қатыстым, көбінесе фильмдерге арнайы сұхбат жаздық.

«Назарбаев және түркі әлемі» фильміне Түркия президенттері Режеп Тайып Ердоған, Түркияның экс-президенті – Абдолла Гүл, Түркияның 9-шы президенті Сүлейман Демирел, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Татарстан президенті Минтимер Шаймиев, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевты түсірдік. Бұл жоба Түркияның TIKA ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен бірлесіп дайындалып, түркі елдерінде фильмнің халықаралық тұсаукесері мен көрсетілімі өтті.

Мемлекет басшысының қатысуымен фильмдер түсіру – бұл бүкіл түсірілімді Протокол және Қауіпсіздік қызметімен үйлестіретін, барлық түсірілім сәттерінің сценарийі мен сюжеттік желісін қадағалайтын үлкен түсірілім тобы мен Баспасөз қызметінің жұмысы. Сондықтан команда мүшелерінің барлығы жауапты және өз саласының кәсіби мамандары болуы тиіс. Түсірілімнен кейін режиссер, сценарист, монтажер, бейне және дыбыс инженерлері, бейнеархив қызметкерлері мен редакторлар, компьютерлік графика мамандары мен дизайнерлердің қатысуымен монтаждау студиясында тікелей фильм жасаудың ең сиқырлы кезеңі, яғни түпкілікті өнімді - мемлекет басшысының қатысуымен түсірілген фильмді аяқтау бар екені белгілі.

– Менің  келесі сұрайын дегенім, Еуропа елдері президенттерінің қатысуымен фильм түсіргіңіз келе ме?

– Шығармашылық жоспарларымда Еуропа мемлекеттері басшыларының қатысуымен идеялар бар. Фильмнің тақырыбы мадиярлар елінің қайғылы тарихымен және 1920 жылы Трианон келісіміне қол қоюмен байланысты. Нәтижесінде Венгрия территориясының 72% және халқының 64% (соның ішінде 3 млн. этникалық венгрлер), теңізге және флотқа қолжетімділіктен, 88% орман ресурстарынан, 83% темір өндірісінен және 67% банктік қызмет пен несие жүйесінен айырылды. Бұл Венгрияда ұлттық трагедия ретінде қабылданды. Қазірге дейін барлық мадиярлар тарихи әділеттілік қалпына келтіріледі деп үміттенеді.

Бұл тақырып көптеген еуропалық елдерді алаңдатып отырғандықтан, келісімге қол қойған мемлекет басшыларынсыз, фильмде толыққанды көрініс болмайды.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Болашаққа деген жоспар - ең алдымен мажар тілінде еркін сөйлеп, мадьяр қыпшақтары мен Қазақстанда тұратын мажарлардың тарихы мен мәдениеті туралы бірлескен жобалар жасау. Бір қызығы, менің туған ауылым Сабындыда көптен бері мажарлар отбасы тұрады. Венгрияда кең тараған Варга фамилиясы бар, біздің көршіміз еді. Олардың атасының Қазақстанға қалай келгені, балалары мен немерелерінің әлі күнге дейін біздің Сабынды ауылында тұрып жатқаны өте қызық оқиға. Бұл оқиға фильмнің сюжеті болуға сұранып тұрғандай (күледі).

Қазақстандағы органдарды трансплантациялау мәселелерін де қамтуды жоспарлап отырмын. 2021 жылы мен «Трансплантация – өмір сүруге мүмкіндік» деген атаумен фильм түсірдім, ол кезде әлі де ҚР Президентінің Телерадиокешенінде жұмыс істеп жүргенмін. Онда біз Қазақстандағы трансплантология саласындағы қазіргі жағдайды көрсеттік. Үш мыңнан астам адам ағзаларының жоқтығынан кезекте тұр. Еуропада трансплантация операциялары көп жасалады, пациенттер қажетті органды жылдар бойы күтпейді. Ал бұл мәселені тез арада шешу мүмкін емес, өйткені халықтың медицинаға деген көзқарасын өзгертіп, қайтыс болғаннан кейін донорлыққа рұқсат беру – мейірімділік пен қайырымдылықтың белгісі екенін түсіндіруге көмектесу керек.

Мен режиссер ретінде өз мамандығымды жақсы көремін, өйткені осының арқасында мен көрермендерге көптеген қызықты оқиғалар мен адамдар туралы көрсетіп, айта аламын.

– Қызықты сұхбатыңызға көп рахмет. Сізге сәттілік тілейміз!

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: