Қазақстанда әлемнің жетекші ғалымдарының қатысуымен конференция өтуде

12 Желтоқсан 2023, 05:33 651

Ғалымдар әлемнің түкпір-түкпірінен Алматы қаласына жиналып, полимер, композит және биокомпозиттік материалдар саласындағы проблемалар мен соңғы жетістіктер мәселесін талқылауда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сәтбаев университетінде химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Е.М.Шайхутдиновтың туғанына 90 жыл толуына арналған халықаралық конференция ұйымдастырылып отыр. Конференцияның негізгі мақсаты – композиттік, нанокомпозиттік, биокомпозиттік және полимерлік материалдарды синтездеу, зерттеу және оларды қолдану саласы бойынша алынған нәтижелерді ортаға салу, аталмыш сала бойынша ортақ жобалар дайындау және ынтымақтастық келісім орнату.

Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев конференцияны өзінің құттықтау сөзімен ашып, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтарға алғыс білдірді.

«Қазіргі уақытта заманауи технологиялық қолданбаларда жаңа буынның озық материалдарының қажеттілігі композиттердің, нано- және био-композиттердің дамуына әкелді. «Ақылды» немесе «интеллектуалды» композициялық материалдар әртүрлі сыртқы әрекеттерге әсер етеді және оңтайлы жағдайларда олардың қасиеттерін көрсетеді. Бұл көп функциялы композиттік материалдар тамаша механикалық қасиеттерге ие болып қана қоймайды, сонымен қатар оптикалық, электрлік, жылулық, магниттік және басқа да физика-химиялық қасиеттердің тамаша үйлесімін көрсетеді. Сондықтан композициялық материалдарды жасау ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында маңызды міндет болып табылады»,-деп баса айтты ректор өз сөзінде.

Конференцияға Австрия, Италия, Франция, Ұлыбритания, Румыния, Үндістан, Польша, Катар және ТМД елдерінің жетекші ғалымдары қатысуда. Жұмыс барысында пленарлық баяндамалар және шақырылған ғалымдар композиттік, нанокомпозиттік, биокомпозиттік және полимерлі материалдардың іргелі және қолданбалы бағыттары бойынша дәрістер оқып, беделді спикерлер баяндама жасайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: