12.03.2026
15:40
839

Қазақстанда AI стартаптарына жаңа мүмкіндік пайда болды

Жасанды интеллектті дамыту үшін ең маңызды ресурстардың бірі – деректер мен есептеу қуаты. Қазіргі таңда IT-компаниялар мен стартаптар үшін мемлекеттік деректерге қолжетімділік, жасанды интеллект модельдерін оқытуға қажетті инфрақұрылым және технологиялық ресурстар мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Бұл бағыттағы негізгі мәселелер мен алдағы жоспарлар Astana Hub алаңында өткен ашық кездесуде талқыланды.

Кездесу барысында әзірлеушілерге мемлекеттік деректерге қолжетімділік беру, жасанды интеллект жобалары үшін есептеу қуаттарын пайдалану және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар мемлекеттік органдардағы цифрлық трансформацияның алдағы жоспарлары туралы да айтылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мунның айтуынша, қазіргі уақытта ведомство әзірлеушілер мен стартаптар үшін мемлекеттік ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті жеңілдетуге басымдық беріп отыр.

el.kz

Біздің мақсат – әзірлеушілер мен стартаптар үшін мемлекеттік деректерге қолжетімділікті барынша жеңілдету. Енді компаниялар тек дайын деректер жиынтығын ғана пайдаланбай, өз жобасына қажет нақты мәліметтерді де сұрата алады. Егер жасанды интеллект моделін оқыту үшін белгілі бір деректер жетіспесе, олар арнайы өтінім қалдырып, қажетті ақпарат массивін ала алады, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл бағытта Ashyq Data порталы іске қосылған. Портал Цифрлық даму министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жобасы. Қазір онда түрлі саланы қамтитын шамамен 200 деректер жиынтығы орналастырылған. Оның ішінде 73 деректер жиынтығы алғаш рет жарияланған.Дмитрий Мун Ashyq Data порталын мемлекеттік деректердің орталықтандырылған «витринасы» деп атады. Порталда 120-дан астам мемлекеттік дерекқор біріктірілген. Деректер апта сайын жаңартылып, барлық пайдаланушыға тегін ұсынылады.

el.kz

Кездесуде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және мемлекеттік органдардың IT-жоспарлары туралы да айтылды. Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Алия Оспанова мемлекеттік органдардың цифрландыру жоспарлары арнайы архитектуралық портал арқылы жарияланғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл портал IT-компанияларға мемлекеттік органдардың нақты қандай технологиялық шешімдерге мұқтаж екенін түсінуге мүмкіндік береді.

el.kz

Біздің басты міндетіміз – цифрландыру саласында барынша ашықтықты қамтамасыз ету. Біз мемлекеттік органдардың дайын бизнес-процестері мен IT-жоспарларын жарияладық. Енді кез келген IT-компания қай деректер цифрланғанын, қайсысы әлі цифрланбағанын көре алады, – деді Алия Оспанова.

Архитектуралық портал арқылы компаниялар әр саладағы ақпараттық жүйелер, деректер құрылымы және цифрландыру деңгейі туралы мәлімет ала алады. Мысалы, белгілі бір салада қандай деректер цифрланғаны, қай мәліметтердің әлі цифрланбағаны және олар қай ақпараттық жүйеде сақталатыны көрсетіледі. Бұл IT-компанияларға мемлекеттік органдарға қажет нақты шешімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар порталдан мемлекеттік органдардың үш жылға арналған цифрлық трансформация жоспарын да көруге болады. Онда әр ведомствоның цифрландыру бағытындағы мақсаттары, міндеттері және іске асыру мерзімдері көрсетілген.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай ашықтық мемлекет пен IT-нарық арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, жаңа технологиялық шешімдердің пайда болуына жол ашады. Ал мемлекеттік деректерге қолжетімділіктің кеңеюі мен цифрлық инфрақұрылымның дамуы Қазақстандағы IT-экожүйенің дамуына жаңа серпін беруі мүмкін.