Қазақстанда АЭС салу: Қазақстан Халық партиясы үндеу жасады

29 Тамыз, 11:19 691

Қазақстан Халық партиясы Қазақстанда алғашқы атом энергетикалық станциясын (АЭС) салу бойынша мәселеге қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Партия өкілдері жұртшылықты күзде өтетін референдумға белсенді қатысып, еліміздің болашағына, оның дамуы мен әл-ауқатына тікелей ықпал ететін бұл шешімді ақылға қонымды түрде әрі жан-жақты саралай отырып қабылдауға шақырды.

Партия өзінің үндеуінде ЖЭО-дағы апаттардың жиілеп, жылу станциялары жабдықтарының әбден тозығы жеткенін, оған қоса бірнеше өңірдің электр энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отырғанын алға тартқан.  Партияның пікірінше, біздің континенттік климатымыз күн және жел қондырғылары арқылы қажетті энергияны өндіруге қолайсыз. Тиісінше республика электр қуатын көршілес елдерден сатып алуға, яғни, импорттауға мәжбүр болып отыр деп санайды.

Бізге мұра болып қалған еліміздің энергетикалық ресурсы қазіргі таңда физикалық тұрғыдан сарқылып келеді. Осы ретте мынадай маңызды сұрақтар туындайды: біз өскелең ұрпаққа нені мұра етіп қалдырамыз? Ескірген қазандық қондырғыларын ба? Күл үйінділері мен ластанған ауаны ма? Әлде, көршілес елдердің алдындағы электр энергиясының өтелмеген қарыздарын ба? – делінген үндеуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өте маңызды әрі ұтымды шешім қабылдай отырып, АЭС салу мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды. Партия бұл бастаманы қолдаған.

АЭС салу бойынша референдум өткізу маңызды экономикалық ғана емес, сонымен қатар ауқымды саяси қадам болып та саналады. Жаңа Қазақстанның қағидаттары мен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» стратегиясы билік пен халықты біріктіруге бағытталған. Демек, аталған мәселе бойынша соңғы шешімді бірге қабылдаймыз, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар Қазақстан Халық партиясы осындай ауқымды шараға өз үлесін қосып, қазақстандықтардың ел болашағы үшін ұтымды әрі оңтайлы таңдау жасауына бағытталған қажетті ұйымдастырушылық, ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын екенін де алға тартты.

АЭС құрылысы Қазақстанды халықаралық деңгейге шығарады. Былтыр Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) сарапшылар миссиясы мен ҚР Үкіметі арасында 2023-2028 жылдарға арналған елдік негіздемелік бағдарламаға (Country Programme framework) қол қойылды. Қазақстанның өзінің алғашқы атом электр станциясын салуды жоспарлап отырған ел ретіндегі мәртебесін ескере отырып, жоба МАГАТЭ және атом электр станцияларын пайдаланатын ұйымдардың Дүниежүзілік қауымдастығы (АЭС ДҚ) тарапынан қатаң халықаралық бақылауда болады.

Алдағы уақытта Қазақстан атом энергетикасы бойынша өз мамандарының мектебін құруы тиіс. Бұл жолда бізге Батыс Еуропа, Қытай, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея және Жапония елдерінің табысты тәжірибесі негіз бола алады. Ал Қазақстанда уран шикізатының өзіндік қоры және оны отынға қайта өңдеу технологиясының бар екенін ескерсек, бейбіт атомның біздің елімізде болашағы зор, - делінген үндеуде.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: