Қазақстанда 85 мың теңгеге өмір сүру мүмкін бе?

25 Қыркүйек 2023, 13:00 5065

Еліміздегі ең төменгі жалақы қоғамда қызу талқыланып жатыр. «85 мың теңгеге өмір сүруге бола ма?» деген сауалға халық «мүмкін емес» деп ұлардай шуласа, министрлік бұл экономикалық арифметикадан шыққан сан екенін айтады.

Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі 85 мың теңге жалақының экономикалық негізі бар, жоғын, бұл санның қайдан шыққанын зерттеп, арнайы мамандардың пікірін білді.

85 мың теңгеге өмір сүруге болады: вице-министр мәлімдемесін түсіндірді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев 85 мың теңге төменгі жалақыға қатысты айтқан пікірін халық дұрыс түсінбей қалғанын айтты.

Барлығы 85 мың теңге жалақыға жұмыс істесін деген сөз емес. Мәселе маманның нарықтағы бағасында. Ол компанияға қандай пайда келтіреді? Соған байланысты бағаланады. Қолына дипломын жаңа алған маман 85 мың теңге айлыққа жұмыс істеуі мүмкін. Өйткені оның тәжірбиесі, кәсіби деңгейі төмен. Бізде жастардың еңбек нарығына сіңіп кетуі үшін әртүрлі әлеуметтік бағдарламалар бар. Маман компанияға пайда әкелгенше, компания оған жалақы төлегісі келмесе, біз төлейміз. Дағдысын жетілдіріп, тәжірбие жинағаннан кейін сұранысқа ие маман болады,- деп түсіндірді вице-министр.


Ол сондай-ақ депутат Ринат Зайытовтың ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек деген мәлімдемесіне де жауап берді.


Орташа жалақының қанша болу керек екенін экономистер мен сарапшылар айтсын. Бұл сұрақты Қаржы министрлігіне қою керек. Олар мемлекеттің жағдайы ең төменгі жалақыны 300 мыңға көтеруге жете ме? Есептеп шығарсын,- деді Ордабаев.


Біз виице-министрдің бұл айтқанын Қаржы министрлігінен нақтылап, экономист мамандардың да пікірін білдік.


Экономист Сапарбай Жобаев вице-министрдің пікірімен келісетінін айтады. Оның сөзінше, ең төменгі жалақы 300 мың теңге болсын деу экономикалық арифметикаға сәйкес келмейді.


Елдегі медианалық, яғни халықтың басым бөлігі алатын жалақы 170 мың теңге. Ал, көпшілік халықтың жалақысын көтеру үшін еңбек өнімділігін арттыру және жемқорлықтан құтылу керек. Халық тұрмысын артқа тартып отырған инфляция,- деді Сапарбай Жобаев.


Қаржы министрлігінің де ұстанымы осыған саяды. Мәселе төменгі жалақыда емес, инфляцияда екен.

Бұл мәселе жөнінде нақты бір пікір білдіру қиын. Егер мүмкіндік туындаса халықты қолдауға дайынбыз. Бірақ басты мәселе жалақыда емес, инфляцияда болып тұр, - деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.


Ал мәжіліс депутаты Олжас Құсбек нарықта сұранысқа ие болу үшін білім алу керек екенін айтады. Ол біздегі жоғары оқу орындарының білім сапасы төмен екенін, соның әсерінен проблема туындап отырған айтты.


Жастар 85 мыңға емес, 500 мың теңгеге жұмыс істеуі керек – депутат


85 мың теңге – экономикалық көрсеткіш. Жалақыны төлеушіге тек осыны төле деп жатқан жоқ. Бұл базалық көрсеткіш қана. Бюджетті есептеген кезде сүйену керек көрсеткіш,- дейді депутат Олжас Құсбек.


Статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстанда 1 миллион 800 мың адам ең төменгі жалақыға өмір сүріп жатыр екен.

 

Көп жағдайда кәсіпкерлер салықты аз төлеу үшін ресми 85 мың деп көрсетіп, жалақының қалған бөлігін қолма-қол береді. Дегенмен елімізде 300 мыңнан астам бюджет қызметкері 85 мың теңге жалақы алады дегенді жоққа шығармаймын. Мұндай адамдар бар. Олардың өмірі қиын. Бірақ мұндай жалақыны таңдамаса да болады. Кәсіпкерлікке барсын. Мәселен, мен де еңбек жолымды кәсіпкерліктен бастадым. Ал мұндай аз ақшаға баратындар негізінен қаражатты қажет етпейтін, бірақ жұмыс істегісі келетіндер. Бірақ жастар осындай жұмысқа кіріп, осы жалақыға қарап отырмауы керек. Сізге мемлекет тек осы жерде ғана жұмыс істеңіз деп міндеттеп жатқан жоқ. Сондықтан кәсіпкерлікпен болсын, басқа болсын қаржының көзін табуып, жастар кем дегенде 500 мың теңге табыс табуы керек деп ойлаймын,- деді мәжіліс депутаты.


Айта кетейік, осыған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев елімізде 85 мың теңгеге өмір сүруге болады деп даулы мәлімдеме жасаған еді.


Алайда, «Өзіңізге осы қаржы бір айға жете ме?” деген сұраққа жауап бермейтінін айтқан.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: