Қазақстанда 6,6 млн бала тегін медициналық көмек алады

23 Желтоқсан 2022, 21:12 2015

Бұл туралы ДСМ мәлім етті

Бүгін ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник біздің елімізде 6,6 миллионнан астам бала мемлекет кепілдік берген екі пакет және әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық көмек алатынын атап өтті. 2022 жылы балаларға медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы сомасы 560 млрд. теңгені құрады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Ол балалар жылында ана мен бала денсаулығын сақтау мәселесі өзектілікке ие болып, денсаулық сақтау жүйесінің маңызды және басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Бүгінгі таңда балаларға медициналық көмек көрсетудің көп деңгейлі тәсілі жүзеге асырылды. Амбулаториялық көмекті 5690 МСАК объектісі көрсетеді. Стационарлық көмек үшін 204 аудандық орталық аурухананың, 10 қалалық және 13 облыстық балалар ауруханасының базасында 8130 балалар төсегі  ашылған.

Республикалық деңгейде үш негізгі орталықта - Астана қаласындағы Ана мен бала ғылыми орталығында, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Алматы қаласындағы Ақсай университеттік клиникасында 815 төсек бар.

Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету, диагнозды нақтылау және одан әрі жүргізу тәсілін айқындау үшін балалар республикалық деңгейдегі орталықтарға жатқызылады.

"2022 жылы амбулаториялық деңгейде 118 млн. балаларды консультациялық-диагностикалық қабылдау жүргізілді, тәулік бойы стационар жағдайында  576 мың бала емделді, балаларға 100 мыңнан астам ота жасалды", - деп хабарлады вице-министр.

Профилактикалық бағытқа келетін болсақ, В Дудниктің айтуынша, қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда балаларды скринингтермен қамту 3-тен 12% - ға дейін ұлғайды. Осылайша, неонатальды скринингтік қамту 91%, аудиологиялық 75%, психофизикалық 86%, офтальмологиялық 92% құрады.

Балалардың денсаулығын нығайту мақсатында жыл сайын туғаннан 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексерулер жүргізіледі.

Ағымдағы жылы 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеру пакеттері зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін енгізумен қайта қаралып, кеңейтілді. Барлығы 11 айдың ішінде профилактикалық тексерулермен 4,5 млн. бала қамтылды.

Ол ел ішінде емдеу мүмкін болмаған жағдайда, балалар "шетелде емдеу" бағдарламасы аясында ем алатынын атап өтті.

2022 жыл ішінде 71 бала гемопоэтикалық бағаналы жасушаларды трансплантациялау, электропарацияны қолдана отырып склероздау, радионуклидтік терапия және т.б. бағыттар бойынша жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам емделуді ұсына отырып, шетелдік клиникаларға жіберілді.

Президенттің тапсырмасы аясында елімізде «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның аясында 7000 әйелге ЭКҰ қолжетімді болды.

"2022 жылы 6,5 мың әйел бағдарламамен қамтылды. Орындалған ЭКҰ рәсімдерінің нәтижесінде «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2654 отбасында көптен күткен 3110 бала дүниеге келді", - деп хабарлады вице-министр.

Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көмекті жетілдіру мақсатында елде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 заманауи перинаталдық орталық салу жоспарланған.

Денсаулық сақтау жүйесінде жүкті әйелдердің денсаулығын сақтауға үлкен көңіл бөлінеді. Босануға дейінгі бақылаумен 400 мың жүкті әйел қамтылды, 1,2 млн.ұрық скринингі жүргізілді. 3,5 мың туа біткен ақаулар анықталды, медициналық көрсеткіштер бойынша 1340 жүктілік тоқтатылды.

В. Дудник атап өткендей, отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі еліміздің халқын үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету болып табылады. Осылайша, Министрліктің бұйрығымен Бірыңғай дистрибьютордың тізбесі аурулар бойынша пациенттерді қамтамасыз ету үшін 40 атаумен толықтырылды: жұлын бұлшықет атрофиясы, Дюшеннің бұлшықет дистрофиясы, кистозды фиброз (муковисцидоз), эпилепсия және т.б. орфандық аурулар бойынша 8 мыңнан астам пациент қамтамасыз етілді.

Қазақстан Орталық Азияда туғаннан бастап кардиохирургиялық операциялар жүргізілетін жалғыз мемлекет болып табылады.

2022 жылдың 11 айында туа біткен жүрек ақауы бар балаларға 1800 ашық жүрекке ота жасалды, оның 75%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жасалды.

Мастер-класс шеңберінде Германия мен Түркиядан шетелдік мамандарды тарта отырып, күрделі ақаулары бар 24 балаға операция жасалды.

Аса ауыр жағдайларда балалардың өмірін құтқару үшін Қазақстанда телемедициналық технологиялар мен медициналық авиация іске асырылды. 2024 жылға дейінгі балаларға онкогематологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі жол картасы бекітілді.

"Еліміздің болашағы өскелең қазақстандықтардың әл-ауқаты мен денсаулығына байланысты. Сондықтан, балалар жылы Министрлік жаңа бастамалар қалыптастырды, оларды одан әрі іске асыру балалық шақты қорғауды жоспарлы нығайту мен дамытуды қамтамасыз етеді.", - деп атап өтті Вячеслав Дудник.

EL.KZ
Бөлісу: