Қазақстанда 4 АЭС салу керек – сарапшы

25 Қыркүйек, 11:30 962

Қазақстанда соңғы жылдары энергия тапшылығы сезіліп, елде атом электр станциясын салу мәселесі қызу талқыланып келеді. Мамандар барынша бұл мәселені зерттеп, оның жүйелері мен қызметін сараптау үстінде. Алайда оның салу, салынбауы бұқара халықтың шешіміне берілді. Осыған байланысты елімізде 6 қазан күні референдум өтеді. Бұл еліміздің энергетика саласына үлкен жаңалық алып келетін бастамалардың бірі болып отыр. Осы тұрғыда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі экономика және ядролық физика саласының мамандарымен тілдесіп, АЭС энергия тапшылығын қаншалықты қамтамасыз етеді, оның экономикаға пайдасы мен қауіпсіздігі жөнінде сұрады.

Референдум

АЭС құрылысына қатысты референдумға 10 күндей уақыт қалды. Бүгінде әр өңірде арнайы штаб құрылып, бұқара халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Депутаттар да бұл жұмыстан қалыс қалып жатқан жоқ.

Атырауда құрылған арнайы штабтың мүшесі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті техника ғылымдарының докторы, профессор  Бекет Кенжеғұлов халыққа түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді.  

Референдум күні белгілі болғаннан бастап Атырауда арнайы штаб құрылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіп жатырмыз. Кездесу барысында тұрғындар өздерінің азаматтық көзқарасын білдіріп, кей кезде эмоцияға ерік бергендері де болып жатты. Бірақ біз штаб мүшесі болғандықтан байсалды түрде тұрғындарға Қазақстанға АЭС-тің қажеттілігін түсіндіріп, көкейіндегі сұрақтарына жауап беріп жатырмыз. Олар референдумда азаматтық позициясын ұстанып, дауыс беруі керек екенін жеткіздік, - дейді маман.

Референдум өткізуді тұңғыш рет Тоқаевтың өзі 2019 жылы ұсынған еді. Бұл тақырып өткен жылы қайта көтеріліп, бір шешімге тоқталды. Мұндай бастама қазбалы отын қолданысы мен елдегі тоқ өшіп қалу мәселесін шешу үшін электр қуатының бір жаңа көзін табу мақсатынан шыққан еді.

2024 жылдың 27 маусымында БАҚ өкілдерін мапараттау салатанатты шарасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек екенін баса айтты.

Бекет Кенжеғұлов елімізде референдум өтіп, АЭС салу оң шешімін тапқан күннің өзінде бірден құрылыс жұмыстары басталмайтынын және оған ұзақ уақыт керегін түсіндірді.

Егер референдумның нәтижесі оң болса, содан кейін барып мамандар АЭС құрылысын салуға ұсыныс білдірген 4 елдің тәжірибесін, технологиясын зерделеп, келісімге келеді. Ол жерде қаржы мәселесі, қанша пайыз біздің мамандардың жұмыс істейтіні, құрылысқа қанша уақыт кететіні шешіледі. Мұның барлығы біраз уақыт алады. Мәселен, 2014 жылы Түркияда АЭС құрылысын салу тапсырмасы бекітілді. Бірақ оның құрылысы 4 жылдан кейін басталды. Одан бері 6 жыл өтті. Бүгінде бір ғана реакторының құрылысы аяқталды. Сондықтан бұл ұзақ уақыт пен жан-жақты саралап, талдауды талап ететін құрылыс. Ал АЭС-ті қай елдің салатынын халық емес, мамандардың шешкені абзал. Себебі бұл салада олардың біліктілігі мен тәжірибесі мол, - дейді ол. 

Қазақстанға 4 АЭС салу керек

Бұған дейін ядролық физика саласының маманы Амангелді Нұрлан АЭС Қазақстандағы энергия тапшылығының тек 10 пайызын қамтамасыз ететінін айтқан еді. Сарапшының бұл мәлімдемесімен техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұлов та келісетінін айтты.

Оның сөзінше, Қазақстанда АЭС салынған күннің өзінде біріншіден, энергия қуатының тапшылығы толық жойылмайды, бірақ тапшылықты азайтады. Екіншіден, АЭС құрылысы «жасыл экономика» қағидатына сәйкес келуі керек, яғни экологияға зиянды әсерін тигізбеуі тиіс. Үшіншіден, егер Қазақстанда АЭС салынатын болса, оған қажетті отын көздерінің өзімізде жеткілікті екендігіне көз жеткізу керек. Мәселен, Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытында шығатын таблеткалар немесе уран көзі. Төртіншіден, бұл экономикаға елеулі әсерін тигізеді. Елде атом энергетикасын тұтыну бір пайызға өссе, онда ЖІӨ 0,32 пайызға артады.

Қазақстанға АЭС қажет. Мүмкіндік болса бір емес бірнеше АЭС болғаны дұрыс. Себебі 2400 МВт-тық 2 реакторлық бір АЭС бізге аздық етеді. Ол Қазақстандағы қазіргі энергия тапшылығының 8-9 пайызын ғана жабады деп есептеп отырмыз. Ал қалған энергия көздерін жел, күн, судан алып отырмыз, - дейді ол.

Маманның сөзінше, Қазақстанның 50-60 жыл бұрын салынған өз АЭС-і бар. Олар бүгінде бірінші-екінші буынды нысанды құрылыстар болып саналады. Күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді.

Алматыдан 20 шақырым жерде орналасқан Алатау ауылында 6МВт-тық бір реакторлы АЭС бар. Ол ғылыми зерттеу институтына жатады. Бүгінде ядролық физика бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар Абай облысына қарасты Курчатов қаласында 2 реакторлы АЭС бар. Маңғыстау облысында да су тапшылығын жою мәселесінде МАЭК жұмыс істеп тұр. Бізде реакторлар бар, бірақ олардың қуаты төмен. Қуаты төмен болғанымен негізгі істеу техникасы үлкен АЭС-пен бірдей. Бүгінгі күнге дейін тұрғындардың тарапынан халыққа зиян келді, зардап шегіп отырмыз деген жағдайды естімедік. Дегенмен Маңғыстауда қалдықтар қалады деген мәселелер айтылды. Онда қалдық қалатын себебі ол жердегі реакторлар өте ертеде салынған, бірінші-екінші буынға жатады. Сондықтан аздаған қалдықтар қалып келді. Дегенмен оның да жолы табылды, - дейді Бақыт Кенжеғұлов.

Бүгінде әлемде салынып жатқан реакторлардың барлығы үшінші буынды АЭС-ке жатады. Демек, олардан ешқандай қалдықтар қалмайды және табиғат пен адамға зияны жоқ деп сендіреді мамандар.

Бекет Кенжеғұловтың сөзінше, 50-60 жылдан бері Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында француз технологиясымен АЭС-ке қажетті таблеткалар шығарылады. Бүгінде бұл таблеткалар Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие. Сапасы да жоғары және мемлекеттік стандартқа толық сай келеді. Бір таблетканың салмағы – 4,5 граммды құрайды.  

Таблетка жұмыс істеп қуаты біткеннен кейін оны зауытқа қайта өткіземіз. Зауытқа қайта өткізгенен кейін таблетканың сыртындағы қабығын зиянсыздандырады да, ал таблетканың өзін қайта қуаттайды. Одан қуатталып шыққан таблетканың сыртын қайта толық қаптап, кері АЭС-ке жібереді. Міне, сондықтан бұл жерде қалдық қалмайды. Барлығы толық процесспен жүріп жатады. Сол себепті зиянды қалдықтар шығады деп қорқудың қажет жоқ. Сондықтан қазіргі ғылымның жетістігі, технологияның дамуына байланысты болашақта АЭС 3+ блоктармен салынады. Болашақта 4 деген блоктың да жобасы қарастырылып жатыр. Осындай жаңартылған блоктардың арқасында зиянды қалдықтар пайда болмайды, - дейді ол.

Сарапшы Қазақстанда Францияның технологиясымен АЭС салу тиім екенін түсіндіре кетті.

Егер АЭС құрылысы Францияның технологиясымен салынса біз отын көзін іздемейтін едік. Ал отын көзін іздемесек, шығын да болмас еді. Утилизация бойынша жоғарыда атап өткен таблеткаларды АЭС-тен алып зауытқа қайта өткізіп, контурлық процесс бойынша жұмыс істеп жатқан болар едік. Сондықтан Франция технологиясы Қазақстанға толық сәйкес келеді. Ал басқа мемлекеттердің технологиясымен салсақ, олардың АЭС-теріне біздің таблеткалар сәйкес келе ме, келмей ме, оның өзі үлкен сұрақ. Олар әрине өз мемлекетінен әкеліп салады, - дейді Кенжеғұлов.

Бекет Кенжеғұлов дерегінше, бір АЭС салу үшін кем дегенде 12 млрд доллар қаржы керек. Оның 20 пайызын Қазақстан шығарса, қалған қаржыны технологиясын әкелген мемлекет шығарады. Сонымен қатар АЭС-тің эксплуатациясы іске қосылғаннан кейін алғашқы уақытта сол елдің мамандары жұмыс істейді.

Дегенмен АЭС жұмысы іске қосыламын дегенше, елімізде мамандар даярланатынын алға тартты. Сондықтан маман даярлау мәселесінде қиындық тумайтынын және АЭС-тен ешқандай қауіп жоқ екенін жеткізді.

Сөзінше, АЭС-ті жарылыстағы атоммен салыстыруға болмайды. Ал қазіргі біз айтып жатқан бұл бейбіт өмірде қолданылады. Жалпы АЭС тек қана электр қуатын ғана шығарып қоймай, медицинада да кеңінен қолданылады.

Бүгінде АЭС-тің орны ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы қарастырылып отыр.

Үлкен ауылына екі реакторлы АЭС-ті салады деген жоспар бар. Ол 2400 МВт береді. Әрине, оның өзі аздық етуі мүмкін. Бәлкім ол жерге 3-4 реакторлы АЭС салып қалады. Оны мамандар шешеді. Себебі бір АЭС салу үшін 10-15 жыл уақыт кетеді. Сонымен қатар Курчатовқа да екі реакторлы АЭС салса дұрыс болар еді. Маңғыстауға бір реакторлы АЭС салса, себебі МАЭК-тің бүгінде әбден тозығы жеткен. Энергия тапшылығын сезініп отырған оңтүстікке де бір АЭС салу керек, - дейді маман.  

 

АЭС-тің экономикаға әсері

Бүгінгі таңда Қазақстан энергия тапшылығына байланысты энергияны көрші елдерден сатып алып отыр. Атап айтқанда, солтүстікке Ресейден, оңтүстікке Қырғызстаннан энергия тасымалдайды. Мамандар егер елімізде АЭС салынса, тапшылық мәселесін ғана шешіп қоймай, еліміздегі тоқырап қалған өнеркәсіптерді де қайта жандандыруға болатынын алға тартты.

Әсіресе, еліміздің оңтүстігінде халық саны жылдан жылға өсіп жатыр. Оған қоса сырттан қандастарымыз да келуде. Басқа да елдерден келіп жатқан азаматтар жеткілікті. Сол себепті оңтүстік өңірде бірнеше зауыт, фабрикаларды ашып алуға қолайлы. Себебі онда жұмыс қолы жеткілікті. Сондықтан Жамбылдағы жүн-тері фабрикасын, аяқ-киім шеберханаларын, Шымкенттегі тігін фабрикаларын қай іске қосса деймін. Онда мамандар да, жоғары оқу орындары да бар. Сондықтан оңтүстікке де бір реакторлы АЭС салса дұрыс болады, - дейді Бекет Кенжеғұлов.

Экономист Гүлнар Сүлейменова да АЭС-тің экономикаға әсері өте зор екенін атап өтті.  

Сөзінше, АЭС-те қолданылатын материал – уран. 1 кг уран = 100 тонна көмір, я болмаса 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады.

Бұл  экономиканың секторларында, кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өз өндірісінде электр қуатын пайдаланады. Бүгінгі күні электр қуатының бағасы жоғарылауда және жарықтан тапшылық сезілуде. АЭС шығаратын электр қуатының сапасы мен күштілігі бәрімізге мәлім. Соның негізінде өндіріс қызметі шектеусіз жұмыс істей алады, яғни отандық тауар өндірушілерге де АЭС-тің ықпалы зор. Елдің экономикасы дамиды, салықтар төленіп, мемлекеттік бюджеттің кіріс жағы толықтырылып, шығындардың қаржыландыру көзі көбейіп, әлеуметтік жағдай жақсарады. АЭС құрылысы Қазақстанның атом потенциалын, соның ішінде бос жатқан уран қорын пайдалануға көмектеседі. Экономикада экспорттық операциялар артады. Өйткені, атом энергиясын экспорттауға, сатуға болады. Валюта нарығына доллар көп түседі. Атом энергиясын тиімді пайдалану тақырыбында инновациялық жобалар көбейеді. Еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды, - дейді Гүлнар Сүлейменова.  

Техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұловтың айтуынша, Қазақстан электр қуатының 60-70 пайызын көмірден алып отыр.

Қазақстан 2023 жылы Париж меморандумына қол қойды. Соған сәйкес Қазақстан экологияны, ауаны ластамауы қажет. Егер елімізде АЭС салынса, онда көмір немесе газ отыны арқылы ауаға тарап жатқан зиянды қалдықтар 20 млн тоннаға дейін төмендейді.

Егер Париж келісімі бұзылса, онда мемлекет үлкен мөлшерде айыппұл арқалайтыны сөзсіз.

Әрине, біз оған жол бермес үшін 2-3 фильтрмен жұмыс істейміз. Оны жиі ауыстырамыз. Ауыстырып жатқан күннің өзінде кейде ауаға зиянды газдар шығып кетіп жатады. Оны мамандар жақсы біледі. Барлығын бірдей ауаға шығармай, фильтрде ұстап қаламыз деген күннің өзінде белгілі бір бөлігі шығып отырады, - дейді Кенжеғұлов.

 

Энергияның балама көздері

Елімізде энергия тапшылығы сезіле бастаған күннен бастап, энергия көзімен қамтамасыз ететін жолдарды іздей бастады. Мамандар әлемдік тәжірибені зерттеп, барлық саланы бақылаған көрінеді. Нәтижесінде елімізде АЭС салу туралы ұсыныс айтылды.

Жалпы энергия тапшылығын шешудегі балама жолдар  – жел, күн және су энергиясын пайдалану. Дегенмен бұл балама нұсқалар ауа райына тығыз байланысты болғандықтан тиімсіз екені айтылды.

Жел энергиясы Қазақстанның тапшылығын 100 пайыз қамтамасыз етпейді, күн қуаты тек оңтүстікте, шағын аумақта іске аса алады. Сутегі энергиясының қуаттылығы да мемлекетімізді толық қамти алмайды. Осы күнге дейін гидроэлектр станциялары электр энергияны жеткіліксіз шығарып келді. Ал АЭС бүкіл елді қамтамасыз ете алады. Ол ештеңеге қарамастан энергияның тұрақты көзін береді. Бүгінгі күні еліміз энергия мәселесі бойынша көрші елдерге тәуелді. 2030 жылға қарай энергия тапшылығы артады, яғни күнделікті тұрмыстың өзінде қиындықтар болуы сөзсіз. Сондықтан елімізге АЭС қажет, - дейді экономист Гүлнар Сүлейменова.

Бекет Кенжеғұловтың сөзінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 3 гидроэлектр станциясы жұмыс істеп тұр. Олар 60-70 жылдан асқандықтан күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді.

Бүгінгі таңда балама көзі ретінде тек АЭС қана қарастырылып тұр. Ғылым мен технология өте жоғарғы қарқында дамып жатыр. Сондықтан болашақта басқа энергияның балама көздері пайда болуы мүмкін.

Дегенмен АЭС барлық тапшылықты толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан гидроэлектр станциясының судан алатын қуат көзін біз тоқтатпаймыз. Бізде ГРЭС бар, осы уақытқа дейін пайдаланып келдік, әрі қарай да пайдалана береміз. Дегенмен елімізде су тапшылығы сезіліп жатыр. Сол себепті алдағы уақытта бұл балама көзін де қайта қарау керек, - дейді маман.  

Миражан Махан
Бөлісу: