Қазақстанда 242 мыңнан астам әйел жұмыссыз: оларға қандай жұмыс бар?

Қазақстанда 242 мыңнан астам әйел жұмыссыз: оларға қандай жұмыс бар?

Көктем Қарқын
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда әйелдер арасындағы жұмыссыздық ерлерге қарағанда тұрақты түрде жоғары. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2026 жылғы I тоқсанда елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,5% болса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 5%, ерлер арасында 4% болды.

Әлемдік деңгеймен салыстырғанда

Finprom мәліметінше, бұл айырмашылық алғаш қарағанда үлкен болып көрінбеуі мүмкін. Алайда мәселені жас, білім, өңір және жұмыс іздеу тәсілдері бойынша бөлгенде, әйелдер жұмыссыздығының артында бірнеше фактор тұрғаны байқалады.

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) деректеріне сәйкес, былтырғы қарашада Қазақстанда әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5,5%, ерлер арасында 4,1% болған. Яғни гендерлік айырмашылық 1,4 пайыздық тармаққа жеткен. Әлем бойынша бұл айырмашылық небәрі 0,2 пайыздық тармақ: әйелдер арасында – 5%, ерлер арасында – 4,8%.

Орталық Азияда да жағдай біркелкі емес. Қазақстаннан бөлек, әйелдер жұмыссыздығы Өзбекстан мен Қырғызстанда ерлерге қарағанда жоғары. Ал Тәжікстан мен Түрікменстанда керісінше, ерлер арасындағы көрсеткіш жоғары.

Мұнда тағы бір маңызды жайт бар. Сарапшылар Орталық Азиядағы әйелдер жұмыссыздығының нақты деңгейі ресми статистикада төмен көрсетілуі мүмкін екенін айтады. Себебі өңірде әйелдердің бейресми жұмыспен қамтылуы жоғары. Ресми тіркелмеген мұндай еңбек әйелді жұмыссыз ретінде есептеуге мүмкіндік бермейді.

ХЕҰ мен Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы көрсеткіштерінің айырмашылығы да осы есептеу әдістеріне байланысты. Кейбір мемлекеттер халықаралық ұсынымдардан бөлек ішкі әдістемелерді қолданатындықтан, ХЕҰ елдерден бастапқы деректерді алып, оларды халықаралық деңгейде салыстыруға келетіндей етіп өзі есептейді.

Өңірлерде жағдай қандай?

ҰСБ деректеріне қарағанда, Қазақстанда әйелдер жұмыссыздығы өңірлер бойынша біркелкі емес. 2025 жылдың қорытындысында төрт облыста – Алматы, Атырау, Жетісу және Қызылорда облыстарында – ерлер арасындағы жұмыссыздық әйелдерге қарағанда жоғары болған. Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында екі көрсеткіш бірдей тіркелген.

Ал қалған 12 өңірдің 20-сында әйелдер арасындағы жұмыссыздық ерлерге қарағанда жоғары болған.

Ең үлкен айырмашылық Маңғыстау облысында байқалған: ерлер арасындағы жұмыссыздық 2,5% болса, әйелдер арасында 8% болған. Яғни айырмашылық 5,5 пайыздық тармаққа жеткен.

Аудан деңгейіне түскенде алшақтық одан да айқын көрінеді. Мысалы, 2025 жылы Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында әйелдер арасындағы жұмыссыздық 11,7%, ал ерлер арасында небәрі 0,6% болған. Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында көрсеткіш тиісінше 7,9% және 2,3%, Ақтөбе облысының Алға ауданында 7,8% және 2,7% болды.

Бұл Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш әйелдердің барлық өңірде бірдей жағдайда екенін білдірмейтінін көрсетеді. Кейбір аудандарда әйелдердің еңбек нарығына қатысу мүмкіндігі әлдеқайда төмен.

Жасы ұлғайған сайын тәуекел артады

ҰСБ статистикасын жас санаттары бойынша қарастырғанда, әйелдер жұмыссыздығының жастарға қарағанда егде жастағы топтарда өзекті екені байқалады.

Ең жоғары көрсеткіш 55-64 жастағы әйелдер арасында – 8,6%. 35-44 жастағы әйелдер арасында ол 5,8%, 45–54 жастағылар арасында 4,9% болған.

Мұның артында еңбек нарығындағы бірнеше кедергі тұруы мүмкін. Жасы үлкен қызметкерлерге қатысты жұмыс берушілердің стереотиптері, жаңа мамандықтарды меңгеру немесе қайта даярлау қиындығы, цифрлық дағдыларға қойылатын талаптардың өзгеруі олардың жұмыс табуын қиындатуы ықтимал.

El.kz

Сондықтан әйелдер жұмыссыздығы тек «жұмыс орнының жоқтығы» мәселесі емес. Кей жағдайда адамның жасы, бұрынғы мамандығы мен қазіргі еңбек нарығының талаптары бір-бірімен сәйкес келмеуі де маңызды рөл атқарады.

Білім деңгейі де маңызды фактор

Білім деңгейі мен жұмыссыздық арасында да айқын байланыс бар.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар әйелдер арасында жұмыссыздық 3,5% болған. Ал тек мектеп аттестаты бар әйелдер арасында бұл көрсеткіш 11,4%-ға жетеді.

Негізгі және жалпы орта білім деңгейіндегі әйелдерде көрсеткіш бұдан да жоғары: тиісінше 15,6% және 11,9%.

Яғни білім деңгейі жоғарылаған сайын әйелдердің еңбек нарығында жұмыс табу мүмкіндігі арта түседі. Ал біліктілігі төмен әйелдер үшін сұранысқа ие жұмыс орындарының саны шектеулі болуы мүмкін.

Осы екі көрсеткішті – жас пен білімді – қатар қарастырғанда, ең осал топтардың бірі 55-64 жастағы, білімі орта деңгейден аспайтын әйелдер екені байқалады. Олар бір уақытта әрі жасына байланысты, әрі еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылардың жетіспеуінен кедергіге тап болуы мүмкін.

El.kz

Әйелдер не себепті жұмыссыз қалады?

ҰСБ деректеріне сәйкес, биыл сәуір-маусым айларында Қазақстанда 242,7 мың жұмыссыз әйел болған. Бұл 2025 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 1,6%-ға көп.

Олардың ең үлкен бөлігі – 79,3 мың әйел немесе 32,7% – бұрынғы жұмысынан кеткеннен кейін жұмыссыз қалған. Бір жыл ішінде осы себеппен жұмыссыз қалған әйелдердің саны 65,8%-ға өскен.

Ал «жұмыс табуға мүмкіндік болмады» деп көрсеткен әйелдердің саны керісінше шамамен 30%-ға азайып, 63,8 мыңнан 44,7 мың адамға түскен. Бұл бос жұмыс орындарының қолжетімділігі біртіндеп артып келе жатқанын көрсетуі мүмкін. Дегенмен әйелдердің жұмыспен қамтылуы мәселесі әлі де өзекті.

Фото: El.kz архиві

Штаттың қысқартылуы немесе кәсіпорынның жабылуы салдарынан жұмыссыз қалған әйелдер саны да 9,9%-ға азайған.

Жұмыссыздыққа экономикалық себептермен қатар әлеуметтік факторлар да әсер етеді. 33,3 мың әйел отбасылық жағдайына байланысты жұмысын тастаған. Ал 30,8 мың әйел үй шаруасымен айналысу үшін жұмыстан кеткен.

Жұмыс істеу қажеттілігі жоқ әйелдердің саны бір жылда шамамен 10 есеге артқанымен, олардың саны әлі де аз – 1,4 мың адам немесе барлық жұмыссыз әйелдердің 0,6%-ы.

Әйелдер жұмысты қайдан іздейді?

Жұмыс іздеу тәсілдеріне қарағанда, әйелдер арасында бейресми және цифрлық арналарға сұраныс жоғары.

Ең көп тараған тәсіл – достар, таныстар мен туыстардың көмегіне жүгіну. Бұл жолды 103,1 мың әйел таңдаған.

Ал 21,1 мың әйел жұмыс берушілермен тікелей байланысқан.

Интернет те маңызды құралға айналып келеді. 70 мыңнан астам әйел онлайн платформалар мен әлеуметтік желілерге түйіндемесін өз бетінше орналастырған. Тағы 30,4 мың әйел жеке жұмыспен қамту агенттіктеріне жүгінген.

Ал мемлекеттік жұмыспен қамту органдарына жүгінген әйелдердің саны бір жылда 27,9%-ға азайып, 67,8 мыңнан 48,9 мың адамға дейін төмендеген.

Бұл әйелдердің жұмыс іздеу тәсілі өзгеріп жатқанын көрсетеді: олар бос жұмыс орнын тек мемлекеттік құрылымдардан күтпей, таныстар желісін, әлеуметтік желілерді және онлайн платформаларды белсенді пайдаланады.

Оқи отырыңыз

{