27.12.2025
18:28
657
Қазақстанда 21 жасқа дейінгі 19 мың жас несиесін төлей алмай жүр

Қазақстанда 21 жасқа дейінгі 19 мың жас несиесін төлей алмай жүр

Қазақстанда жастардың шағын несиеге бату мәселесі әлі де өзекті. 21 жасқа дейінгі 36,2 мың азаматтың микроқаржы ұйымдарынан алған кредиті бар. Оның ішінде 19 мың жас қарызын үш айдан астам уақыт төлей алмай, кешіктіріп жүр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымова Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Агенттік басшысының айтуынша, Мемлекеттік кредиттік бюроның деректеріне сәйкес, қазіргі таңда 18–21 жас аралығындағы 136 239 азамат микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған. Олардың 18 638-інің берешегі 90 күннен асып кеткен.

Шағын несиеге қойылатын талаптар қатаңдатылды

Мәдина Әбілқасымова 2024 жылдың маусымында шағын несие нарығын реттеуге бағытталған арнайы заң қабылданғанын атап өтті. Құжатта бірқатар маңызды шектеулер қарастырылған:

  • 90 күннен астам мерзімі өткен қарызы бар тұлғаларға микроқаржы ұйымдарының жаңа микрокредит беруіне, сондай-ақ 90 күннен кейін сыйақы есептеуіне тыйым салынды;

  • Биометриялық сәйкестендірусіз интернет арқылы микрокредит рәсімдеуге рұқсат етілмейді;

  • Микрокредитке берілген өтініштер туралы ақпаратты кредиттік бюроларға нақты уақыт режимінде жолдау міндеті енгізілді;

  • Мерзімді әскери қызметтегі азаматтарға қызмет ету кезеңінде және ол аяқталғаннан кейін 60 күн ішінде негізгі борыш пен сыйақы төлемдерін өсімпұлсыз кейінге қалдыру талабы бекітілді;

  • Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі-мен бірлесіп, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейі қайта қаралды: микроқаржы ұйымдарының микрокредиттері бойынша ЖТСМ 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді. Ал 45 күнге дейінгі және 45 АЕК-тен аспайтын микрокредиттер үшін ЖТСМ күніне 0,3%-дан кем, бірақ 179%-дан аспауы тиіс.

Артық кредит алуға тосқауыл

Сонымен қатар биыл халықтың шамадан тыс қарыздануын шектеуге арналған қосымша қаулы қабылданды. Оған сәйкес:

  • банк қарызы 30 күннен, ал микрокредиті 1 күннен артық кешіктірілген азаматтарға жаңа шағын несие берілмейді;

  • соңғы 3 жыл ішінде қарызы толық кешірілген тұлғалар кредит ала алмайды;

  • соңғы 12 айда қайта құрылымдалған, бірақ төлем қабілеті жақсармаған қарыздары бар азаматтарға микрокредит рәсімделмейді;

  • кепілсіз тұтынушылық микрокредиттің мерзімі 5 жылдан асса, жаңа шағын несие алуға шектеу қойылады.

Агенттік төрағасының айтуынша, қабылданған шаралар нәтиже бере бастаған: жастар арасында шағын несие алушылардың саны біртіндеп азайып келеді.