Қазақстанда 14,5 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

30 Қазан 2023, 10:07 856

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 534 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 515 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 717 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 6 332 және 680 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 897 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 393 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 529 жұмыс беруші бар. Оларда 471,7 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,9% - ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 887  адам (34,5%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 637 адам (11,5%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 360 адам (9,6%), өңдеу өнеркәсібі – 1 219 адам (8,3%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 896 адам (6,3%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 944 адам (27,8%), Өзбекстан – 1 714 адам (12,1%), Үндістан – 1 326 адам (9,3%), Түркия – 1 288 адам (9,1%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: