Маусым айы Қазақстан халқы үшін бірқатар маңызды оқиғалар мен жаңалықтарға толы болмақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Маусым айындағы басты мереке – Құрбан айт
Маусым айында Қазақстанда Құрбан айт мерекесі атап өтіледі. Биылғы Құрбан айт 6 маусым жұма күніне түсіп отыр. Осылайша, 6-8 маусым аралығында ұзақ демалыс күндері болады. Жалпы, бес күндік жұмыс аптасы барлар үшін – 10 күн, ал алты күндік жұмыс аптасы барлар үшін – 6 күн демалыс күтілуде. Бұл қазақстандықтарға жақсы демалып, жақындарымен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
Әуе рейстерінің жаңалығы
1 маусымнан бастап БАӘ-нің Air Arabia Abu Dhabi әуе компаниясы Қазақстанға тікелей рейстерді бастайды. Алматы мен Абу-Даби арасындағы ұшақтар аптасына үш рет — сейсенбі, жұма және жексенбі күндері қатынайды. Бірінші рейс – 3 маусымда орындалады.
Сонымен қатар, Air Astana 4 маусымнан бастап Алматы – Вьетнамның Дананг қаласы бағытына тікелей рейс ашады. Бұл рейстер аптасына екі рет — сәрсенбі және сенбі күндері ұшады. Билеттердің бағасы 360 701 теңгеден басталады.
Қосымша пойыздар мен жолаушылар тасымалы
Маусымнан қыркүйекке дейін елімізде 11 қосымша теміржол бағыты ашылады.
Бұл жаңашылдық 270 мыңнан астам жолаушыны қосымша тасымалдауға мүмкіндік беріп, халықтың жолға шығу мүмкіндігін арттырады.
Жүк көліктеріне шектеу шаралары
1 маусымнан бастап ауа температурасы +25 °C-тан жоғары болған жағдайда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
Бұл шектеу асфальт жамылғысының бұзылмауы үшін қолға алынып отыр.
Смартфондарды тегін верификация мерзімі ұзартылды
Смартфондарды тегін верификациялау мерзімі жеке тұлғалар үшін 25 маусымға дейін ұзартылды. Бұл шара заңсыз әкелінген немесе ұрланған құрылғылардың саудасын болдырмауға бағытталған. 25 мамырдан бастап импорттаушылар үшін верификация ақылы болып, заңды құжаттар талап етіледі.
Мектеп бітіру емтихандары
9 және 11 сынып оқушылары үшін мемлекеттік емтихандар 29-30 мамырда басталады.
9-сыныптардың соңғы емтиханы – 10 маусымда, ал 11-сыныптардікі – 16 маусымда өтеді. Аттестаттарды табыстау салтанаты 18-20 маусым аралығында ұйымдастырылады.