Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде инфрақұрылым жүйелі түрде жаңартылып келеді. Өткен жылғы жылыту маусымы жүйелі жоспарлау мен апта сайынғы мониторингтің тиімділігін көрсетті. Жылу желілерінің температуралық кестесін сақтамау жағдайлары 215-тен 65-ке дейін қысқарып, электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар үш есеге азайды. Бұл – жөндеу науқанының уақытылы орындалуы мен бақылаудың күшеюінің нәтижесі.
Дегенмен бұл саладағы шешімін таппаған мәселе әлі де аз емес. Егер аз уақыттың ішінде оң шешілмесе бірнеше қаланың тұрғындары алдағы қыста жылусыз қалуы әбден мүмкін. Себебі Семей, Теміртау, Петропавл, Орал, Қызылорда және Тараз қалаларындағы жылу электр орталықтары әлі де «қызыл аймаққа» кіріп, апат қаупі жоғары деп бағаланып отыр. Жыл сайын жөндеу мен жаңарту жұмыстары жүргізілгенімен, 10-ға жуық нысан энергетикалық қауіп деңгейі бойынша жоғары аймаққа жатады.
Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда елдегі жылу желілерінің орта есеппен 60%-ы тозған. Алайда бұл көрсеткіш өңірлерге байланысты әртүрлі.
2021 жылы 19 жылу электр орталығы «қызыл», 11-і «сары», 7-еуі «жасыл аймақта» болған. Бұл жағдайды түзету мақсатында жыл сайынғы жұмыстар мен жөндеулер жүргізілсе де, 2024 жылы 9 станция «қызыл аймақтан сары аймаққа», 3 станция «сары аймақтан жасыл аймаққа» өткен. Алайда, 10 ЖЭО әлі де жоғары қауіп тобына жатқызылған.
Соның ішінде Семей қаласындағы «Теплокоммуэнерго» ШЖҚ МКК қазандығы, Теміртаудағы «Bassel Group LLS» ЖШС қарасты ГРЭС-1, Петропавлдағы «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ ЖЭО-2, Павлодардағы «Павлодарэнерго» АҚ ЖЭО-2 мекемелері апаттық деңгейде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, Оралдағы «Жайықжылутехноком» АҚ, Қызылордадағы «Кызылордатеплоэлектроцентраль» ШЖҚ МКК және Тараздағы «Таразэнергоорталық» АҚ ЖЭО-4 нысандары да қауіпті аймақтағы маңызды объектілер қатарында.
Қазіргі уақытта жоғары қауіп деңгейінде тұрған басқа да нысандарға Арқалықтағы «Арқалық жылуэнергетикалық компаниясы» ШЖҚ МКК, Степногорскідегі «Степногорск ЖЭО» ЖШС, және Маңғыстау облысындағы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ЖЭО-2 станциялары да ерекше бақылауды қажет етеді.
Биылғы жылыту маусымына дайындық көктемнен басталып-ақ кеткен еді. Жауапты министрлік деңгейінде жөндеу кестелері бекітіліп, отын қорының нормативі, дебиторлық/кредиторлық берешекті төмендету, энергия көздері мен желілердің жоспарлы сынақтары бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Біз, ең алдымен, солтүстік өңірлерге көңіл бөлеміз, өйткені жылу маусымы ертерек басталады. Оңтүстік өңірлерде жылу маусымы қараша айында басталады, сол себепті ол жақта жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады, -деді Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
Энергетика министрлігі 31 шілдеде көмір саласына қатысты қордаланған мәселелерді (логистика, берешек, маусым алдындағы жеткізілімдер) кешенді шаралармен шешу басталғанын мәлімдеді.
Көмір – ел энергетикасының негізгі тірегі, сондықтан оны үзіліссіз жеткізу – басты басымдығымыз, - деп атап өтті министр Ерлан Ақкенженов.
Премьер-министр Олжас Бектенов мамыр айындағы селекторлық кеңесте әкімдіктерге конкурстық рәсімдерді екі аптада аяқтап, жазғы маусымда жөндеуді толық бітіру туралы нақты тапсырма берді. Ал өткен маусым қалыпты деңгейде өткені, технологиялық бұзушылықтар санының 10 пайызға төмендегені айтылды.
QazaqGaz тобы өткен маусымды үзіліссіз аяқтап, жаңа маусымға дайындықта Intergas Central Asia және QazaqGaz Aimaq компаниялары арқылы тарату желілерін, электрохимиялық қорғаныс жүйелерін жоспар бойынша жаңғыртып жатыр. Компания «жұмыстар көктемнен басталды, өңірлік инфрақұрылымға ерекше назар аударылып отыр» деп хабарлағаны да естен шыға қойған жоқ.
Инженерлік желілерді жаңғыртуға және тозуды төмендетуге айтарлықтай қаржы бағытталуда: Биыл 8 500 шақырым желіні жөндеу және 42 мыңның үстінде жабдық бірлігін ауыстыру жоспарда бар. Бұл бағыт «табиғи монополиялар» субъектілерімен бірге пилоттар арқылы жүргізілуде.
Көмір — жылу энергетикасының өзегі, ал көмір нарығының министрлік құзырына берілуі тасымал тізбегін, келісімшарттық тәртіпті және ірі тұтынушылардың борыш мәселесін бір орталықтан шешуге мүмкіндік береді. Жылыту маусымы қарсаңында көмір жеткізуге қатаң бақылау қойылды; өңірлік қоймаларда нормативтік резерв қалыптастыру — міндет.
Газ бойынша QazaqGaz Aimaq өңірлерде реттеу пунктерін, тарату құбырларын жоспарлы жөндеуден өткізіп, апатты жағдайды азайтуға қосымша қаржы бөлгенін хабарлады.
Жақында бірінші вице-премьер Роман Скляр елорда нысандарын аралап, жөндеу-құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтаудың маңызын атап өтті. Нақты жобалар қатарында мыналарды атап өтуге болады:
Қаладағы жылумен қамту сенімділігін арттыру үшін ЖЭО-лардағы жоспарлы жөндеулер мен инвестициялық жобалар қатар жүретін болады.
Энергия көздеріне қатысты 2 қазандық пен 2 турбинаға күрделі жөндеу, ал 18 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Жөндеу жұмысы қатаң түрде кестеге сай жүріп жатыр. Сол сияқты қазіргі уақытта «Астана-Теплотранзит» АҚ аясында қаланың жылу желісінің 1,5 км-ның 1,2 шақырымы жөнделді, ал 4,1 км желі реконструкциядан өтті. «QazaqGazAimaq» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында газ тарату желісінің 5 учаскесіндегі шеңберлік қосылым құрылысына арналған құрылыс-монтаж жұмысы, сондай-ақ Телман тұрғын алабы және басқа да аумақтарда ұзындығы 16,3 шақырымды құрайтын төмен қысымды газ тарату желісінің құрылысы жүргізіледі. Осыған дейін ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі, сондай-ақ «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының іске қосылуының арқасында қаланың жылу қуаты 30 пайызға артты. Аталған нысандар қалаға қосымша сағатына 1100 Гкал жылу қуатын беріп отыр, - деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
Ал «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) 2024-2025 маусымын сәтті аяқтап, көктемнен бастап 2025-2026 жылыту маусымына арналған жөндеуді кесте бойынша жүргізіп жатыр. Бұл орайда 1-ЖЭО мен басқа да стансаларды атап өтуге болады. Қалалық қаулыға сәйкес жылыту 10 сәуірде тоқтатылған.
Шымкентте қазандықтар мен магистральдық желілердің тозған учаскелері бойынша жаңғырту жүріп жатыр. Бізге жеткен дерекке қарағанда, қалалық мәслихаттың уақытша комиссиясы объектілерді аралап, жаңарту қарқынын бақылауда ұстап отыр.
Тозған желілер. Бірқатар өңірлерде магистральдық және үйішілік желілердің айтарлықтай тозуы сақталып отыр. Өскеменнің тәжірибесі көрсеткендей, мақсатты қаржыландыру тозуды 15 пунктке дейін түсіруге мүмкіндік береді.
Көмір логистикасы және берешек. Министрлік көмір нарығын өз қарауына алып, бір орталықтан басқару арқылы жеткізуді тұрақтандыруды көздейді; берешек пен тарифтік тәртіпті шұғыл реттеу — негізгі шарт.
Кадр тапшылығы. ЖЭО мен қазандықтарда білікті мамандардың жетіспеуі жөндеу сапасына және апаттардың алдын алуға әсер етуі мүмкін, өңірлік штабтар бұл мәселені бірдей стандартпен пысықтауда.
Үйішілік жүйелер. Жылу көздеріне қарағанда, үйішілік жүйелердің дайындығы (жуу, қысыммен тексеру) жиі кешеуілдейді. Петропавлдағы 271 үйдің алдын ала тексерісі қауіпті «әлсіз тұстарды» ерте көруге мүмкіндік бергені — жақсы тәжірибе.
Осы маусымда жоспарлы-алдын ала жөндеулер және отын қорының нормативі сақталса, жылу беру тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Орта мерзімде желілердің жаппай жаңғыртылуына бағытталған инвестиция ағыны мен жаңа басқарушылық тәсіл (көмір нарығын орталықтандыру, тариф саясатын үйлестіру) жүйенің сенімділігін арттырады.