21.11.2025
12:12
549
Қазақстан жоғары білімі бар тұрғындар саны жағынан ТМД-да көш бастады

Қазақстан жоғары білімі бар тұрғындар саны жағынан ТМД-да көш бастады

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде жоғары білімі бар тұрғындарының жағынан көш бастады. Соңғы деректер бойынша, еліміздегі әрбір төртінші азаматтың жоғары оқу орнын тәмамдағаны туралы дипломы бар, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл деректер ТМД Статистикалық комитеті жүргізген халық санағы кампанияларының нәтижелеріне негізделген. Санақ әр елде 2019 бен 2024 жылдар аралығында өткізілген.

Жас санаттары бойынша қарастырғанда, Қазақстан 40-49 жас аралығындағы азаматтар арасында жоғары білімге ие адамдардың үлесі жөнінен алда тұр: бұл жастағы әр 1000 адамның 356-сы – жоғары білімді. Ал басқа жас топтарында үздік көрсеткіштер Ресейге (30-39 жас: 396 адам) және Беларуське (20-29 жас: 373 адам) тиесілі. Ең төмен көрсеткіштер Түрікменстан мен Тәжікстанда тіркелген.

Жалпы алғанда, статистикаға сәйкес, 15 жастан асқан әр 1000 қазақстандықтың 276-сы, яғни әрбір төртіншісі, жоғары білім туралы дипломға ие. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан бірінші орында. Екінші орында – Ресей (267 адам), үшінші орында – Беларусь (266 адам).

Ең төменгі нәтижелер Тәжікстанда (72 адам) және Түрікменстанда (81 адам) байқалады.

Finprom сарапшылары атап өткендей, ТМД Статкомитетінің деректері ересек халықтың білім деңгейін тек жоғары емес, басқа білім сатылары бойынша да бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, орта арнаулы білімнің ең жоғары үлесі Беларусьтен байқалды: әр 1000 адамның 306-сы колледж немесе орта буын мамандарын даярлайтын оқу орнын тәмамдаған. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 280 адам. Кәсіби білім беруде артта қалған елдер қатарында Тәжікстан мен Армения бар.

ЖОО бітіргендердің абсолют саны бойынша көш басында – ТМД-дағы халқы ең көп мемлекет Ресей: 827,6 мың түлек. Екінші орында – Өзбекстан: 211,2 мың. Айта кетерлігі, соңғы жылдары Өзбекстанда жоғары оқу орындарын тәмамдағандар саны күрт артқан.

Қазақстанда 2024 жылы жоғары оқу орындарының түлектер саны 147,4 мың болды. Үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 151,7 мыңды құраған.

Колледждер мен кәсіби лицейлер түлектері бойынша ТМД көлемінде 2021 жылдан бері 11,3% өсім байқалды, 2024 жылы олардың саны 1,1 млн адамға жақындады. Оның шамамен 70%-ы Ресейге тиесілі (688 мың адам). Қазақстан екінші орында – 158,7 мың түлек.

Білім сапасы бойынша ТМД елдері ішінде Ресей көш бастап тұр. Worldostats халықаралық порталының деректері бойынша, 2025 жылы білім сапасының жаһандық индексінде Ресей 0,85 көрсеткішімен 36-орынға ие болды. Индекс 0 мен 1 аралығында есептеледі және халықтың сауаттылығы, оқуда өткізген орташа жылдар саны, сапалы білімге қолжетімділік сияқты бірнеше факторға негізделеді. Қазақстан Ресейдің ізін ала 0,82 индексімен орналасқан.

Бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылы Қазақстан білім беру саласына 1,1 трлн теңге инвестиция салған. Бұл – бір жыл бұрынғыдан 2,4 есе көп. Сарапшылардың пікірінше, мұндай өсім білімнің әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, ғылым сияқты стратегиялық салалармен қатар тұрғанын көрсетеді.