Қазақстан велоспортшыларының Париж Олимпиадасында жүлде алатын мүмкіндігі зор - министр

5 Желтоқсан 2023, 21:48 1256

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев велоспорт федерациясының басшылығымен кездесіп, биылғы есебін тыңдады. Федерация өкілдері спортшылардың нәтижелері туралы айтып, төртжылдықтың басты додасына дайындық жоспарларына тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрлікке сілтеме жасап. 

2023 жылғы Азия ойындарында велошосседен Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, 2 алтын және 1 күміс жүлдеге ие болды. Ал әйелдер бәсекесінде жерлестеріміздің еншісінде бір қола медаль бар. Велотрек пен маунтинбайк (тау велосипеді) жарысында өкінішке қарай, Қазақстан спортшылары жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.

Отандық велоспортта жеңіспен өрілген жақсы дәстүріміз бар. Ұлттық құрама спортшылары биылдың өзінде жоғары нәтижеге қол жеткізді. Алексей Луценко мен Евгений Федоровтың маусым бойы сәтті өнер көрсетуінің арқасында жерлестеріміз Олимпиаданың 3 жолдамасына қол жеткізді. Велошабандоздардың Ханчжоудағы жоғары жетістігі Олимпиада ойындарында жүлделі орындардан үмітті екенімізді айғақтайды. Велоспорт – медаль қажет ететін спорт түрі. Ал велотрек пен маунтинбайк сияқты басқа да бағдарламалар бойынша жаттығу жоспарын қайта қарау керек. Ұлттық құраманың көшбасшылары жеке дайындық жоспарын қатаң ұстануға тиіс, - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Велоспорт бойынша олимпиадалық іріктеу сайыстары аяқталып, Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Париж Олимпиадасына дайындық жұмыстарын бастады. Туризм және спорт министрлігі Олимпиадаға дейін спортшылардың оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға, фармакологиялық және велошабандоздарды қалпына келтіру құралдары бойынша барлық қажетті жағдайды жасауға көмектеседі.

Жиын соңында министр өткен жарыстардың, атап айтқанда велотрек пен маунтибайктың нәтижелеріне терең талдау жүргізуді, сондай-ақ Париж Олимпиадасы алдында команда ішінде ауызбіршілікті және жақсы көңіл-күйді сақтау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Перизат Саденова
Бөлісу: