Қазақстан Үндістанда тұтқында отырған әйелге көмектеседі

31 Тамыз 2023, 15:00 1160

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Үндістаннан қарағандылық әйелді балаларымен қайтаруға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірнеше күн бұрын Үндістанның Калькутта қаласында тұрып жатқан қарағандылық әйел өзін және балаларын құтқаруды өтінген еді. Ол 10 жастағы, 3,5 және 1,1 жастағы үш баласымен аталған қалада тұрып жатыр.

Қазақстандық әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шегіп жатқан көрінеді. Үш баланың анасы кейінгі 4 жыл бойы өзін ұрып-соғып, бүкіл отбасын тұтқында ұстаған күйеуінен құтқаруды өтініп отыр.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі осы отбасының мәселесімен консул айналысып жатқанын және құжаттарын түгендеу басталғанын жариялады.

Консул балалардың анасымен байланысқа шығып, барлық көмекті жасайды. Оларды Қазақстанға қайтаруға көмектесеміз, – делінген министрлік мәліметінде.

Айта кетейік, Үндістан азаматына тұрмысқа шыққан қарағандылық әйелдің тағдыры туралы жазған едік.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: