Қазақстан телеарналарында аралас жекпе-жек турнирлері көрсетілмейді – АҚДМ

29 Тамыз 2023, 14:00 1292

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі телеарналарда ережесіз жекпе-жек сияқты спорт түрлеріне шектеу қойылатынын мәлімдеді, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Telegram арнасында жазылғандай, бұл шараның негізгі мақсаты – зорлық-зомбылықты азайту. Әйтпесе мектеп оқушылары арасында ММА әдістерін қолдану әрекеттері жиілеп кеткен.

Телеарналарда зорлық-зомбылықты азайту мақсатында ережесіз жекпе-жек сияқты спорт түрлеріне де шектеу қойып жатырмыз. Себебі көп жағдайда сондай бағдарламаларды көрген жеткіншектер, әсіресе, мектеп балалары сол әдіс-тәсілдерді қолдану мақсатында кейде бір-біріне қол көтеріп жатады. Біз оны кейде байқамай, WhatsApp арқылы таратып жатамыз. Мысалы, қыздардың немесе ер балалардың бір-бірін аяусыз ұрып жатқаны туралы видеолар шарлап жүреді. Ал сол қатыгездікті экрандағы қатыгездіктің туғызатыны белгілі, - деді Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, 6 айда жастар арасында 252 қылмыс тіркелген. Соның басым бөлігі – қатыгездік әрекет. Бұдан бөлек, биыл жарты жылда зорлық-зомбылықты насихаттайтын 219 контент анықталған.

Зорлық-зомбылық көбіне баланың танысы, көршісі немесе жақындары тарапынан жасалып жатады. Сондықтан ата-аналары ұят болады деп, баланы тыйып жатады. Соның бәрі оның психологиясына әсер етеді, ол кейін суицидке апаруы, басқа да көптеген теріс салдары болуы мүмкін, - деді министр одан әрі.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: