Франциямен үшжақты келісім: Балқашты сақтау жобасы
2023 жылдың желтоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігі Францияның Даму агенттігі (AFD) және Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросымен (BRGM) Балқаш көлін сақтау бойынша үшжақты келісімге қол қойды. Құжат аясында көлдің бассейнін бірлесіп зерттеу және Балқашты сақтау жөніндегі мастер-жоспарды әзірлеу үшін 1,35 млн еуро көлемінде грант бөлінетіні қарастырылған.
Қытаймен алғашқы меморандум және кадрларды оқыту
2024 жылдың наурызында Қазақстан мен Қытайдың су ведомстволары өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға алғаш рет қол қойды. Құжат суды ұтымды пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және кадрларды даярлау сияқты бағыттарды қамтиды. Қазіргі таңда Қытайда 30 адамнан тұратын қазақстандық мамандардың екінші тобы біліктілікті арттыру курсынан өтуде. Жыл соңына дейін Қытайда 120 маман оқудан өтеді деп жоспарланған.
Нидерландпен су тасқынын болжау және маман даярлау
Қазақстан мен Нидерланд арасында су тасқынына қарсы іс-қимыл мен су саласы мамандарын даярлау жөнінде екі меморандумға қол қойылды. Бірінші құжат өзен ағындарын басқару және тасқын сулармен жұмыс істеу бойынша тәжірибе алмасуға бағытталса, екінші келісім IHE Delft институтымен бірлесіп, су ғылымы мен инновация саласындағы әріптестікті дамытуды көздейді. Нидерланд мамандары Қазақстанда семинарлар өткізіп, су тасқынын болжау мен модельдеуге арналған Delft-FEWS цифрлық платформасын енгізу жұмыстарына атсалысып келеді.
Су секторын үйлестіру кеңесі: халықаралық жобаларды біріктіру алаңы
2024 жылдың қыркүйегінде Су секторы бойынша даму серіктестерінің үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңестің мақсаты – су саласындағы халықаралық жобаларды үйлестіру, техникалық, қаржылық және консультациялық қолдау көрсету. Кеңес құрамында 47 ұйым бар. Олардың қатарында Ұлыбритания, Франция, Швейцария, Израиль, Нидерланд, Венгрия елшілері, БҰҰ Даму бағдарламасы, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалық кеңсесі, Еуропалық Одақ, сондай-ақ бірқатар отандық және шетелдік компаниялар мен халықаралық қаржы ұйымдары бар.
Осы және өзге де келісімдер Қазақстанның су шаруашылығын жан-жақты дамытуға бағытталған, – деді Стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары Бақберген Әбсенов.