Қазақстан сирек кездесетін металдарды Еуроодақпен бірігіп өндірмек

4 Шілде 2023, 14:33 1125

Қазақстан сирек кездесетін металдарды Еуроодақпен бірге өндіруге дайын. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Елордада «Қазақстан-Еуропалық одақ: аса қажетті шикізат саласындағы бизнес әріптестік» форумы өтіп жатыр. Онда елімізге 23 елден келген 40-тан астам еуропалық бизнес өкілі қатысты.  

Олар Қазақстанға екі күн бұрын келіп, Өскенмендегі сирек кездесетін металл өндіретін зауыттарды аралап, Қазақстанның металлургия бағытындағы әлеуетімен танысқан.

Өткен аптада елімізде тау-кен металлургия саласындағы үлкен Astana Mining&Metallurgy конгресі өтіп, оған 23 елден 1200-ге жуық делегат қатысты. Сол кезде Еуропалық комиссияның вице-президенті Марос Шефчовичпен бірге біз сирек кездесетін материалдарды Еуропа елдеріндегі ірі кәсіпорындармен бірге дамыту жөнінде 7 нақты келісімшартқа келген болатынбыз. Сондай-ақ былтыр премьер-министр осы жөнінде Еуроодақпен бірге тиісті меморандумға қол қойды. Меморандумды іске асыру үшін Еуропалық комиссиямен жол картасын әзірлеп, қол қойдық және оны іске асыру үшін 7 түрлі келісімге келдік, - деді министр.

Министр келісімдердің арасындағы екі нақты шартты келісімге тоқтала кетті.

Біріншісі, осы шілде айында еуропалық бизнесті елімізге шақырып, ондағы мақсатымыз - оларға бізде қандай серіктестік материалдар барын және қай зауыттарда өндірілетінін көрсету. Соның шеңберінде қазір 23 елден 40-тан астам бизнес өкілдері мен елшіліктері келіп отыр, - деді ол.

Екіншіден, осы жылдың қараша айында Брюссельде Raw Materials Week-2023 форумы өтеді деп көзделген. Оның шеңберінде Қазақстан өзінің ұлттық стендін және мамандандырылған сессиясын ұйымдастырады. Іс-шара барысында қазақстандық тараптан 100-ден астам салалық бизнес кәсіпорнын тарту, сондай-ақ екіжақты B2B форматындағы кездесулерді өткізу жоспарланып отырғанын айта кетті.

Қазіргі таңда Еуроодақ еуропалық бизнеске қажетті 30 сирек кездесетін материалдар тізімін бекіткен. Соның ішінде 16 қазба байлық Қазақстанда өндіріледі.

Одан басқа 9 қазба бойынша Қазақстанда тағы да кен орны бар. Бірақ әлі де игеріліп басталмаған. Сол кен орындарын Еуропалық бизнеспен бірге игеруге дайын екенімізді айтып отырмыз. Осы мәселелерді кешеден беру талқылаудамыз, - деді Қарабаев.

Металлургия, кен өндіру саласы бойынша ең озық мемлекеттер – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуропа елдері. Бұл елдермен Қазақстан өндіріс саласын қарқынды дамыту үшін бірқатар жобаны қолға алып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан минералды-шикізаттық ресурстар қоры жағынан әлемде көшбасшы елдердің қатарына кіреді. Қазақстанның жер қойнауында отын-энергетика кешенінің (көмірсутек, көмір, уран), қара, түсті, сирек металдардың, басқа пайдалы қазбалардың, жер асты суларының және басқа қазбалардың кен орындары мол. Тұтастай мемлекеттік есепке алу пайдалы қазбалардың 113 түрі бойынша жүргізіліп келеді.

Қай ел Қазақстан үшін ең ұтымды ұсыныс беретін болса, мысалы, технологияны елімізде қалдыруға, жұмыс орындарын ашуға, қаржыландыруға және тағы басқасы бар. Біздің мақсат қазба байлықты қазып алу ғана емес, одан әрі қарай өңдеу, одан кейін одан шығатын дайын өнімді елімізде ұйымдастыру. Сол жағынан қай ел ең ұтымды ұсыныс білдіретін болса, сол елдің өкілдерімен бірге жұмыс істейтін боламыз, - деп түсіндірді министр.

Марат Қарабаев айтқандай, аталған форум ҚР Үкіметі мен Еуропалық комиссияның минералды ресурстар саласындағы серіктестігін қалыптастыру жөніндегі ортақ жұмысының нәтижесі.

Миражан Махан
Бөлісу: