Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында бірқатар екіжақты кездесу өткізді

25 Қыркүйек, 19:11 537

БҰҰ штаб-пәтерінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясының жоғары деңгейдегі апталығы басталды. Сессия жұмысына премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы қатысуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СІМ мәліметінше, іс-шара аясында ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Испанияның Сыртқы істер министрі Хосе Альбареспен, Латвияның Сыртқы істер министрі Байба Бражемен, Люксембургтің Сыртқы істер министрі Ксавье Беттельмен, Польшаның Сыртқы істер министрі Радослав Сикорскиймен және Швейцарияның Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен екіжақты кездесулер өткізді.

Еуропалық әріптестермен Қазақстанның аталған Еуропа елдерімен ынтымақтастығын дамыту перспективалары талқыланды, сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты жан-жақты пікір алмасу өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру туралы бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Сонымен қатар ҚР СІМ басшысы М.Нұртілеу Молдованың Вице-премьері – сыртқы істер министрі Михай Попшоймен және Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибигамен кездесті. Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.

Сингапур сыртқы істер министрі Вивиан Балакришнанмен ү.ж. мамыр айында Қазақстан Президентінің Сингапурға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша тапсырмаларды сапалы және уақтылы орындаудың маңыздылығы талқыланды.

Бахрейн СІМ басшысы Абдуллатиф Әл-Заянимен кездесу барысында дипломатиялық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бахрейн дипломаты Манамада Бас консулдық ашқаны үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдіріп, бұл қадам елдер арасындағы қарым-қатынасты сапалы нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары оның Бас директоры Жильбер Унгбомен қаралып, сұхбаттастар еңбек заңнамасын жетілдірудің, әлеуметтік қорғаудың және лайықты еңбекті қамтамасыз етудің маңыздылығын растады.

Перизат Саденова
Бөлісу: