Қазақстан шорт-тректен әлем кубогі кезеңінде екі медаль алды

7 Қараша 2022, 11:17 1810

Әлем кубогі кезеңі Алматыда желтоқсан айында өтеді

Шорт-тректен АҚШ-тың Солт Лейк Сити қаласында өткен әлем кубогі кезеңі қазақстандықтар үшін сәтті болды, деп хабарлайды El.kz.

Жарыстың екінші күні тағы екі қазақстандық медальға ілікті.

Ұлттық құрамадағы тәжірибелі спортшылардың бірі Денис Никиша 500 метр қашықтықта мәре сызығын екінші болып қиды. Денистің көрсеткіші – 40.675. Сөйтіп ол күміс медальға ие болды.

Сондай-ақ Әділ Ғалиахметов 1 мың метр қашықтықта 1.25:325 секунд көрсеткішпен қола жүлдегер атанды. Бұл – Орал шорт-трегінің түлегі, қазір Ақтөбе облысы атынан сынға түсіп жүрген Әділдің әлем кубогі кезеңіндегі екінші медалі. Өткен жылы Бейжіңде 1500 метрде күміс жүлдені еншілеген болатын.

Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем кубогінің биылғы екінші кезеңінде үш медаль алды. Алғашқы күні Абзал Әжіғалиев 500 метрден күміс жүлдегер атанды.

Бас бапкер Нұрберген Жұмағазиев бастаған мамандар жаттықтыратын қазақстандықтар Солт-Лейк-Сити кезеңіне толық құрамда қатысты. Қазақстан ерлер құрамасы 5 мың метр эстафеталық жарыста төртінші орынға табан тіреді. Әйелдер 3 мың метрлік эстафетада алтыншы сатыдан көрінді. Сонымен қатар батысқазақстандық Нұртілек Қажығали (бапкері – Максим Лозовой)1500 метр қашықтықта бесінші болып келді. Бұл – оның өз спорттық жолындағы үздік көрсеткіші.

Монреаль (Канада) қаласында өткен әлем кубогінің алғашқы кезеңінде ерлер құрамасы эстафетада күміс жүлдені иеленген еді.

EL.KZ
Бөлісу: